Ақтөбе облысының үш ауданында дуальды оқытуды дамытатын тәлімгерлер даярланды

03.08.2026
Ақтөбе облысының үш ауданында дуальды оқытуды дамытатын тәлімгерлер даярланды

Ақтөбе облысында жұмысшы кадрларды даярлаудың сапасын арттыруға бағытталған "Тәлімгерлік мектебі" жобасы аясында Байғанин, Мұғалжар және Шалқар аудандарында өндірістегі тәлімгерлерге арналған оқу курстары ұйымдастырылды. Үш ауданда өткен оқудан 62 тәлімгер өтіп, жұмыс орнында оқытудың заманауи әдістерін меңгерді. 

Өндірістегі тәлімгер - жас маманның алғашқы ұстазы. Оның кәсіби білімі мен тәжірибесі ғана емес, білімді жеткізе білуі, қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруы және жас қызметкерді өндірістік ортаға бейімдеуі де маңызды. 

Осы мақсатта Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы "Тәлімгерлік мектебі" жобасы аясында "Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау" тақырыбында оқу курстарын өткізді. Бағдарлама кәсіпорындар мен ұйымдарда өндірістік тәжірибеден өтетін студенттерге жетекшілік ететін тәлімгерлерге арналды. 

Оқу барысында қатысушылар жұмыс орнында оқытуды тиімді жоспарлау, білім алушылардың кәсіби дағдыларын бағалау, педагогикалық және психологиялық тәсілдерді қолдану, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру, сондай-ақ дуальды оқыту жүйесінің талаптары бойынша білімдерін жетілдірді. 

Изображение

Оқытуды Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы, мультипликатор-тренер, ҚР ҰКП "Атамекеннің" сертификатталған тренері Перизат Қарасаева жүргізді. 

- Бүгінгі күні кәсіпорындар үшін тек тәжірибелі маман жеткіліксіз. Өз тәжірибесін жас маманға дұрыс жеткізе алатын тәлімгер қажет. Сондықтан бұл оқу курстары тәлімгерлердің педагогикалық құзыреттерін дамытуға бағытталған. Жақсы тәлімгер - сапалы кадр даярлаудың негізгі буыны, - деді Перизат Қарасаева. 

Алғашқы оқу 9-10 шілде күндері Байғанин ауданында өтіп, аудан кәсіпорындары мен білім беру ұйымдарынан 15 тәлімгер қатысты. 16-17 шілдеде жоба Мұғалжар ауданында жалғасып, өндірістік, сервистік және білім беру ұйымдарының 13 тәлімгері білім алды. Ең көп қатысушы Шалқар ауданында тіркелді. 20-21 шілде күндері ұйымдастырылған курсқа теміржол саласы, өндіріс, қызмет көрсету және шағын кәсіпкерлік субъектілерінен 34 тәлімгер қатысты. 

Изображение

Сабақтар теориямен ғана шектелген жоқ. Қатысушылар нақты өндірістік жағдайларды талдап, тәжірибелік тапсырмалар орындап, өзара тәжірибе алмасты. Мұндай формат тәлімгерлерге күнделікті жұмыста кездесетін мәселелерді тиімді шешудің жолдарын меңгеруге мүмкіндік берді. 

- Біз өндірісте көп жылдан бері еңбек етіп келеміз. Бірақ тәжірибені жастарға қалай дұрыс жеткізу, олардың білімін бағалау, ынталандыру тәсілдері жөнінде көптеген пайдалы ақпарат алдық. Бұл курс күнделікті жұмысымызға нақты көмегін тигізеді, - деді курсқа қатысушылардың бірі. 

Изображение

Оқу қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, олар ҚР ҰКП "Атамекен" жанындағы тәлімгерлер тізіліміне енгізілді. 

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында барлығы 87 тәлімгер арнайы оқудан өтті. 

"Тәлімгерлік мектебі" жобасы алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бастама кәсіпорындардың білікті кадр даярлауға белсенді қатысуына, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға және өңірдегі дуальды оқыту жүйесінің сапасын арттыруға ықпал етеді.

ИзображениеИзображение