Шағын бизнестен инвестициялық жобаларға дейін: Қостанай облысының экономикалық әлеуеті
Қостанай облысында бірден екі ауқымды шара – «Qostanai Investment Forum 2026» халықаралық форумы мен өңірлік Агрофестиваль қорытындыланды. Фестиваль аясында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы және жергілікті тауар өндірушілердің «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) көрме-жәрмеңкесі өтті.
Екі күндік бағдарлама өңірдің инвестициялық тартымдылығын тек ірі индустриялық кәсіпорындар ғана емес, сонымен қатар, қарқынды дамып келе жатқан шағын және микробизнес те қалыптастырып отырғанын айқын көрсетті.
«Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесі өңірдегі ең көп күтілетін оқиғалардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Екі күн ішінде бұл алаңға 5 000-нан астам қостанайлықтар мен облыс қонақтары келді.

Биыл БАБӨ мен «Қазақстанның үздік тауары» конкурстары бір алаңда 150-ден астам өндірушінің басын қосты. Олардың арасында өңірден тыс жерлерде де танымалдылыққа ие болған брендтер де, нарыққа жаңадан қадам басқандар да бар.
БАБӨ өнімдерінің ассортименті төл қолөнер бұйымдарынан бастап заманауи тамақ технологияларына дейінгі кең ауқымды қамтыды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы өз бизнесін кеңейтуге және жаңа нарықтарға шығуға дайын кәсіпкерлер үшін сенімді старттық алаң ретінде өзінің жоғары тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді.
Өңірдің инвестициялық даму тақырыбы «Qostanai Investment Forum 2026» аясында басты тақырыпқа айналды.

«Өңірдің инвестициялық тартымдылығының іргетасын облыстың жетекші өндірістерімен қатар «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары да қалайды. Микро және шағын бизнес өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеді, ал БАБӨ жобасының өзі бизнесте көшбасшылық орындарды иеленуді жоспарлап отырған кәсіпорындар үшін нағыз трамплинге айналды», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев.
Бастаманың тұрақты оң динамикасын өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығы да қуаттайды. Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Дәулетпаевтың айтуынша, бұл жоба ауылдар мен шағын қалалардың дамуына қуатты серпін береді.
Өз кезегінде «Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлікті дамытудың барлық кезеңдерін қамтитын толыққанды экожүйе қалыптастыруда.
«Бiз БАБӨ аясындағы ауыл тауар өндірушілерінің алғашқы идеясынан бастап, инвесторларға ұсынылатын ауқымды бастамаларға дейінгі жобаларды жай ғана сүйемелдеп қоймаймыз. Біздің мақсатымыз – әрбір кәсіпкердің жүйелі әрі дәйекті өсуін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Жеңіс Тайшытаев.