Заң бизнеске серік болғанда
Кәсіпкерлер күн сайын клиент үшін, нарық үшін, өз ісінің дамуы үшін еңбек етеді. Алайда кейде ең күрделі сынақтар нарықта емес, бір ғана шешім, бір ғана тексеру немесе бір ғана іс жүргізу жылдар бойы қалыптасқан еңбекті тәуекелге тігуі мүмкін кабинеттерде басталады.
Сондықтан бизнесті қорғау – бұл тек салықтар, инвестициялар немесе мемлекеттік қолдау шаралары туралы әңгіме емес. Бұл – ең алдымен құқық үстемдігі туралы әңгіме.
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Шығыс Қазақстан облысының Адвокаттар алқасы жай ғана формалды құжатқа қол қойған жоқ. Екі тарап қол қойған меморандум – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда кәсіби күш-жігерді біріктіру жөніндегі ортақ келісім.
Бұл ынтымақтастықтың мәні құжат алмасу немесе бірлескен іс-шаралар өткізуден әлдеқайда ауқымды. Оның басты мақсаты – бизнес құқықтарына төнген қауіптерді дер кезінде анықтау, негізсіз қылмыстық немесе әкімшілік қудалаудың алдын алу, кәсіпкерлерге сотта өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қолдау көрсету және заңның шын мәнінде өз мақсатына сай жұмыс істеуіне ықпал ету.
Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, кәсіпкерлер көбіне мәселе ушығып, күрделі деңгейге жеткенде ғана көмек сұрайды. Ал шын мәнінде көптеген жағдайдың алдын алуға болады. Ол үшін тәуекелдерді дер кезінде байқап, мамандарды тартып, тиімді құқықтық қорғаныс жүйесін құру қажет. Жаңа ынтымақтастық дәл осы қағидатқа негізделеді.
Бұл жұмыста адвокаттар қауымдастығына ерекше міндет жүктеледі. Себебі кәсіпкерлердің құқықтары бұзылуы мүмкін жағдайлармен алғашқылардың бірі болып дәл адвокаттар кездеседі. Енді өзара іс-қимылдың арқасында мұндай ақпарат жекелеген кәсіпкердің мәселесі болып қалмай, жүйелі түрде қаралатын және шешімін табатын мәселеге айналады.
Тараптар құқық қолдану тәжірибесіндегі жүйелі проблемалар туралы ақпарат алмасып, кәсіпкерлердің өтініштерін бірлесіп талдайды, жұмыс топтарының қызметіне қатысады, кеңес беру және оқыту іс-шараларын өткізеді, сондай-ақ заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлейді.
Кәсіпкердің өз ісін сенімді дамытуы үшін заң оның қарсыласы емес, сенімді серігі болуы тиіс. Ал Палата мен Адвокаттар алқасы арасындағы жаңа әріптестік осы мақсатқа жетудің тағы бір маңызды қадамы болмақ.