Отандық селлерлердің құқығын қорғау: «Атамекен» ҰКП Wildberries басшылығымен кездесті
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Палата басшылығының Wildberries өкілдерімен кездесуі өтті. Жиынның басты тақырыбы РФ аймағындағы маркетплейстің логистикалық нысандарына жасалған шабуылдар салдарынан тауарлары зардап шеккен қазақстандық селлерлерді қолдау мәселесі болды.
Талқылау барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов бизнес үшін ашық диалог пен түсінікті де айқын ережелер механизмінің маңыздылығын атап өтті.

«Бизнес өкілдеріне арналған бұл диалог алаңын Wildberries басшылығының қатысуымен арнайы ұйымдастырдық. Мақсатымыз – келтірілген залалды бағалаудың нақты алгоритмдерін әзірлеу және зардап шеккен сатушыларға құқықтық қолдау көрсету», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.
Ұлттық палата ресейлік әріптестерді қазақстандық селлерлермен әрі қарайғы өзара іс-қимыл, келтірілген залалды өтеу туралы өтініштерді қарау, сондай-ақ маркетплейс ұсынатын Қазақстан Республикасының шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шараларын жүзеге асыру мәселелері бойынша нақты ұстаным білдіруге шақырды.
Wildberries өкілдерінің ақпаратынша, қазір арнайы жұмыс штабы құрылып, оның қызметіне бейінді сарапшылар, салалық бірлестіктер мен қауымдастықтар тартылуда. Негізгі міндет – сатушылардың өтінішін қараудың және залалды есептеу механизмдерін айқындаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу.

Компания өкілдері платформа үшін серіктестерді қандай да бір елге қатысы бойынша бөлу жөнінде түсінік жоқ екенін баса айтты.
«Қазақстан – біз үшін басым бағыт болып қала бермек және біз елдегі платформаны дамытуға инвестиция салуды, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауды және электрондық сауда нарығын нығайтуды әрі қарай да жалғастыруға ниеттіміз. Wildberries серіктестерді елдік белгісі бойынша бөліп жармайды. Логистикалық нысандарда тауарлары зардап шеккен сатушыларға арналған барлық көмек пен өтемақы шаралары Қазақстаннан келген селлерлерге де толық көлемде қолданылады», – деп атап өтті Wildberries Инновациялар мен экожүйені дамыту департаментінің директоры Евгений Этин.
Компания өкілдері қолданысқа енгізілген қолдау төлемдері компанияда бар расталған деректер негізінде бірыңғай тәсілмен жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Олардың дерегінше, қолдау шаралары ақпаратты өңдеу және салдарды бағалау деңгейіне қарай кезең-кезеңімен іске қосылуда. Бұл көмек мүмкіндігінше зардап шеккендердің кең ауқымына қолжетімді болуы үшін, бірінші кезеңде төлемдерді 88 мыңнан астам сатушы, соның ішінде тауар қалдықтары аз кәсіпкерлер алды. Сонымен қатар компания сақтауға, логистикаға арналған жеңілдетілген тарифтерді және жеңілдіктерді субсидиялауды іске қосты. Өтемақының екінші кезеңі шағын және орта бизнес өкілдерінен тұратын 97 мыңнан астам кәсіпкерді, соның ішінде бұған дейін алғашқы қолдау төлемдерін алған сатушыларды қамтыды. Оқиға салдарына толық баға берілгеннен кейін компания кейінгі шешімдер мен төлемдердің тәртібін бекітпек.
Кездесу барысында Wildberries өкілдері Қазақстанның стратегиялық рөлін атап өтті. Платформа елде 2014 жылдан бері жұмыс істейді, ал 2021 жылы тікелей сатуды іске қосты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша алаңда 120 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер тіркелген, ал олардың экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 62%-ға өскен. Туындап жатқан сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, серіктестердің мүддесін қорғау Wildberries үшін негізгі басымдық болып қала береді, сондықтан компания бизнесті қолдау бойынша кешенді шараларды жедел түрде іске асыруда.
Сонымен қатар, өтініштерді жедел жинау және бизнеске барынша көмек көрсету үшін компания тарапынан арнайы жедел желі құрылатыны белгілі болды. Кәсіпкерлер шағымдарды, сұрақтар мен ұсыныстарды жинақтау, сондай-ақ мәселені шешу барысы мен төлемдер процедурасы туралы өзекті ақпаратты алып отыру үшін осы желіге хабарласа алады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бизнеске жедел көмек көрсету, туындаған даулы мәселелерді шешу және қазақстандық кәсіпкерлердің сауда көлемін сақтап қалу үшін іс-қимылдарды бірлесе үйлестіруге келісті.