Отандық тауар өндірушілерді қолдау және «Қазақстанда жасалған» бренді: «Атамекен» ҰКП қатысуымен өткен Үкімет отырысының қорытындысы

04.08.2026
Отандық тауар өндірушілерді қолдау және «Қазақстанда жасалған» бренді: «Атамекен» ҰКП қатысуымен өткен Үкімет отырысының қорытындысы

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және олардың өнімдерін ілгерілету мәселелері қаралды.

Баяндамалармен Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, сондай-ақ Қазақстан сауда желілері одағы төрағасының орынбасары Әлбегі Абдиев сөз сөйледі. Ішкі нарықты отандық тауар өндірушілердің өнімдерімен қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде бизнесті қолдаудың негізгі құралдары қалыптастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда белсенді ілгерілетудің, «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін дамытудың және оны негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Өз сөзінде «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы кәсіпкерлер үшін нақты нәтижелер беріп жатқанын атап өтті.

Изображение

«Отандық тауарлардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру – «Атамекеннің» негізгі бағыттарының бірі. Экспортты қолдау, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірісті дамыту бойынша бірқатар жүйелі шешімдер қабылданды. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты айтарлықтай өсіп, жекелеген өнім түрлері бойынша 5 есеге дейін артты. Сонымен қатар Палата бизнесті ынталандыру жобаларын іске асыруды жалғастыруда. Мысалы, биыл «Алтын сапа» сыйлығына қызығушылық екі есеге жуық артты – кәсіпкерлерден 384 өтінім келіп түсті. Бұл бизнестің жоғары сапаға ұмтылысын көрсетеді», – деді Қанат Шарлапаев.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сауда және интеграция министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сауда желілеріне, маркетплейстерге және экспорттық алаңдарға шығарудың бірыңғай тетігін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

«Атамекен» ҰКП-ның негізгі бастамалары мен нәтижелері:

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы. 2023 жылдан бері 238 кәсіпкер іріктеліп, жалпы сомасы 642 млн теңгені құрайтын 136 жоба қаржыландырылды. 116 кәсіпкер заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етіліп, ауылдық жерлерде 564 жаңа жұмыс орны құрылды.

Сауда желілеріндегі 30% үлес. Дүкен сөрелерінде қазақстандық тауарлардың үлесін кемінде 30%-ға жеткізу жөніндегі заңнамалық талаптарды іске асыру мақсатында өңірлерде 50 үшжақты меморандумға қол қойылды.

Маркетплейстерге шығу. Қазақстандық брендтерді ілгерілету үшін Lamoda Kazakhstan компаниясымен бірлескен жоба іске қосылуда. Jana Post арқылы отандық өнімдер Қытайдың электрондық сауда алаңдарына шығарылып жатыр. Сонымен қатар «Қазпоштамен» ауылдық жердегі өндірушілердің өнімдерін ірі қалаларға жеткізу жобасы пысықталуда.

Ұлттық тауарлар каталогы. ҰКП тауардың бірыңғай цифрлық паспортын қалыптастыруға белсенді қатысуда. Жүйе «бір терезе» қағидаты бойынша құрылып, кейіннен таңбалау, мемлекеттік сатып алу, кеден және салық ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр Сауда және интеграция министрлігіне мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп бір ай мерзімде «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылатын тауарларды қолдау және ілгерілету жөніндегі кешенді бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ отандық өндірушілер үшін сауда орындарын жеңілдетілген шарттармен жалға беру тетіктерін әзірлеп, әкімшілік кедергілерге жан-жақты талдау жүргізу міндеті қойылды.