Жағажай демалысы: қауіпсіздік пен сапа басты назарда
Бүгін Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында өңірдегі туристік нысандар мен жағажайлардың меншік иелеріне арналған семинар-кеңес өтті.
Жиынға облыстық Санитариялық–эпидемиологиялық бақылау департаменті, Туризм басқармасы, Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық
басқармасы, Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері қатысты.
Өңірдегі 45 жағажай мен демалыс орнының жетекшілері (Ақтау, Жаңаөзен қалалары, Түпқараған және Қарақия аудандарынан) жиынға онлайн байланыс арқылы қосылды.
Палата директорының орынбасары Ақиқат Шарапатдинов жүргізген отырыста жазғы туристік маусымның ашылуы қарсаңында өңірдегі эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтау, халық қауіпсіздігі мен қызмет сапасын арттыру мәселелері басты назарға алынды.
Жиын барысында бейінді мамандар қатысушыларға мынадай негізгі талаптарды нақты түсіндіріп өтті:
Коммуналдық талаптар: Демалыс орындары, жағажайлар мен қоғамдық дәретханалардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы;
Тамақтану қауіпсіздігі: Жағажай аумағындағы дәмханалар мен асханалардың жұмысын ұйымдастыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
Инфекциялардың алдын алу: Жаз мезгілінде жиілейтін жіті ішек инфекцияларының, тамақтан уланудың, ботулизмнің және паразитологиялық аурулардың алдын алу шаралары.
Жиын соңында онлайн қатысушылар көкейкесті сұрақтарына нақты заңнамалық жауаптар алып, өзара пікір алмасты.