Саудадан өндірістік кооперацияға дейін: Қазақстан мен Өзбекстан бизнесі жаңа даму кезеңіне қадам басты

06.08.2026
Саудадан өндірістік кооперацияға дейін: Қазақстан мен Өзбекстан бизнесі жаңа даму кезеңіне қадам басты

Ташкент қаласында «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың жетекшілігімен ұйымдастырылған жұмыс сапарының үшінші күні аясында Өзбекстан-Қазақстан Іскерлік кеңесінің VII отырысы өтті. Басқосуда екі елдің бизнеске қолдау көрсету институттарының, салалық қауымдастықтарының және кәсіпкерлер қауымының өкілдері өзара сауда-саттықтың жоғары қарқынын өндірістік кооперацияға, инвестициялық жобаларға және орнықты әріптестікке ұластырудың жаңа тетіктерін талқылады.

Отырысты ашқан Өзбекстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы Төралқасының Төрағасы Даврон Вахабов екі елдің кәсіпкерлер қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, Іскерлік кеңестің өзара тиімді бастамаларды ілгерілету мен тікелей диалог орнатудағы маңызды алаңға айналғанын айтты.

Қатысушылар алдында «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқармасының төрағасы Мұрат Қарымсақов сөз сөйледі. Ол бір күн бұрын өткен Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумы алғаш рет барынша практикалық форматта ұйымдастырылғанын атап өтті. Форум кәсіпкерлерге өзекті мәселелерді тікелей көтеруге, өндірістік кооперацияны дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салуға және бірлескен жаңа жобаларды іске асыру тетіктерін талқылауға мүмкіндік берді.

Мұрат Қарымсақовтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің саяси ерік-жігерінің арқасында екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Егер бірнеше жыл бұрын негізгі басымдық сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіру мен кеңейтуге берілсе, бүгінде күн тәртібінің өзегіне бірлескен экономикалық өсім, инвестициялар тарту және өндірістік кооперацияны дамыту мәселелері шықты.

Изображение

Мұны өзара сауда көрсеткіштері де айқын дәлелдейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 16,2 пайызға өсіп, 4,8 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстан экспорты шамамен төрттен бірге ұлғайып, 3,52 млрд АҚШ долларын құрады.

Биыл бұл үрдіс одан әрі күшейе түсті. 2026 жылдың алғашқы бес айында екі ел арасындағы сауда көлемі 2,3 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,2 пайызға артты. Қазақстан экспорты 39,4 пайызға, ал Өзбекстаннан импорт көлемі 30,8 пайызға өсті. Қазіргі таңда Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі болып қана қоймай, еліміздің өңірлік тауар айналымының 55 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отыр.

Сонымен қатар отырыс барысында қатысушылар сауда көлемінің артуы түпкі мақсат емес екенін атап өтті. Негізгі міндет – өндірістік кооперацияға, өндірістерді жергіліктендіруге, қосылған құн тізбектерін кеңейтуге және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға негізделген ортақ өндірістік әрі инвестициялық кеңістік қалыптастыру. Осыған байланысты Өзбекстан-Қазақстан Іскерлік кеңесінің практикалық рөлін күшейту мәселесі қаралды. Кәсіпкерлер кеңестен тек форумдар мен кездесулер ұйымдастыруды ғана емес, серіктестер іздеуден бастап жобаларды әзірлеуге, туындайтын кедергілерді жоюға және бастамаларды нақты нәтижеге дейін сүйемелдеуге бағытталған тұрақты жұмысты күтетіндерін жеткізді.

Негізгі ұсыныстардың бірі ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларының бірыңғай тізбесін қалыптастыру ұсынылды. Онда жауапты тараптар мен іске асыру мерзімдері нақты айқындалады. Бұл жұмыс тиімділігін қол қойылған құжаттардың санымен емес, нақты жүзеге асқан жобалардың нәтижесімен бағалауға мүмкіндік береді.

Изображение

Сондай-ақ кәсіпкерлер жиі көтеретін жүйелі мәселелер – кедендік рәсімдеу, техникалық реттеу, фитосанитариялық бақылау, шикізатқа қолжетімділік, логистика, трансшекаралық төлемдер және рұқсат беру құжаттарын өзара тану мәселелері талқыланды.

Осы түйткілдерді жедел шешу үшін Іскерлік кеңес жанынан бизнес өтініштерін тұрақты қабылдайтын тетік құру ұсынылды. Ең өзекті мәселелер екі ел палаталарының деңгейінде жинақталып, кейін Үкіметаралық комиссияның қарауына шығарылып, қабылданған шешімдердің орындалуы тұрақты бақылауда болады.

Күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі – салалық өндірістік кооперацияны дамыту. Осы мақсатта машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, химия және тоқыма өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, көлік және логистика салалары бойынша жұмыс топтарын құру ұсынылды. Олар өзара толықтыратын өндірістерді анықтау, серіктестер табу, инвестициялық ұсыныстар әзірлеу және ортақ қосылған құн тізбектерін қалыптастырумен айналысады.

Тараптар өңіраралық ынтымақтастықтың әлеуетіне де ерекше тоқталды. Қазақстан облыстары мен Өзбекстан өңірлері арасындағы тікелей байланыстарды дамыту, өзара бизнес-миссиялар, инвестициялық роуд-шоулар, салалық форумдар мен байланыс биржаларын өткізу жаңа бірлескен жобалардың жүзеге асуына серпін береді.

Қол жеткізілген келісімдердің іс жүзінде жүзеге асырылуын Өзбекстан-Қазақстан Іскерлік кеңесінің VII отырысына қатысқан Өңірлік кәсіпкерлер палаталары қамтамасыз етеді. Олардың басшылары мен өкілдері жергілікті жерлерде кәсіпкерлермен күнделікті жұмыс жүргізіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдейді, серіктестер табуға жәрдемдеседі және бизнестің алдында туындайтын мәселелерді шешуге қолдау көрсетеді. Осының нәтижесінде Іскерлік кеңес алаңында қабылданған шешімдер өңірлерде нақты іске асып, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға үлес қосады.

Изображение

Жаңартылған ынтымақтастық форматының маңызды бағыты цифрландыру болмақ. Компаниялар инвестициялық ұсыныстарын, экспорттық мүмкіндіктерін, өндірістік қажеттіліктерін және серіктес іздеуге қатысты сұраныстарын орналастыра алатын бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу кәсіпкерлер арасындағы өзара байланысты үздіксіз қамтамасыз етіп, жаңа бастамалардың жүзеге асуын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында тараптар үшінші елдердің нарықтарына бірлесіп шығу мәселесіне де ерекше назар аударды. Қатысушылардың пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстанның өндірістік, логистикалық және экспорттық әлеуетін біріктіру екі мемлекетті сыртқы нарықтарда өндірістік кооперация негізінде шығарылған бәсекеге қабілетті өнімді бірлесіп ұсынатын стратегиялық серіктестерге айналдырады.

Бұдан бөлек, астық өңдеу, май-тоңмай өнімдерін өндіру, ет және электротехника өнеркәсібі салаларындағы Қазақстан мен Өзбекстанның салалық қауымдастықтарының өкілдері өзара кооперацияны дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатысуы пікірталасқа қолданбалы сипат беріп, өзара қызығушылық тудыратын нақты бағыттарды айқындауға мүмкіндік жасады.

Изображение

Өзбекстан-Қазақстан Іскерлік кеңесінің VII отырысы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы делегациясының Өзбекстанға жұмыс сапарының мазмұнды жалғасы. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы алдағы уақытта бірлескен жұмысты үйлестіруге, кәсіпкерлер алдындағы кедергілерді жоюға және перспективалы жобаларды жан-жақты сүйемелдеуге дайын екендерін мәлімдеді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әріптестіктің тұрақты дамуы екі ел басшылары айқындаған стратегиялық бағыттың нақты экономикалық мазмұнмен толығып келе жатқанын көрсетеді. Өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері қол жеткізілген келісімдерді нақты инвестицияларға, жаңа өндірістерге және ұзақ мерзімді іскерлік байланыстарға айналдырып, екі ел кәсіпкерлері үшін тың мүмкіндіктерге жол ашуда.