Фитосараптама: кәсіпкерлер не ұсынады?

05.08.2026
Фитосараптама: кәсіпкерлер не ұсынады?

Бизнестің шығынына әсер ететін кез келген әкімшілік өзгеріс кәсіпкерлердің назарынан тыс қалмайды. Соңғы уақытта экспорттаушылар карантиндік фитосанитариялық сараптама жүргізу тәртібін қолдану тәжірибесіне қатысты мәселелер көтеріп келеді. Осыған байланысты мәселе Абай облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.

Жиынға Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Абай облысы бойынша аумақтық инспекциясы, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті, «Фитосанитария» РМК Абай филиалының өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

Кеңес барысында Абай облысы Кәсіпкерлер палатасына түскен ұжымдық өтініш қаралып, экспортталатын карантиндік өнімге фитосанитариялық сараптама жүргізу кезінде қалыптасқан құқық қолдану тәжірибесіне байланысты кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды. Палата жүргізген зерделеу нәтижелері мен уәкілетті мемлекеттік органдардың ұстанымы да назарға алынды.

Изображение

Талқылау барысында тараптар қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау қажеттігін, сондай-ақ кәсіпкерлердің қызметіне артық қаржылық жүктеме түсірмеудің маңыздылығын атап өтті. Кеңес мүшелері көтерілген мәселенің жекелеген кәсіпкерлерге ғана емес, экспорттық қызметпен айналысатын бизнес субъектілеріне қатысты жүйелі сипатқа ие екенін жеткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес фитосанитариялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, қолданыстағы құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бағытында бірқатар ұсынымдар қабылдады. Атап айтқанда, Абай облысы Кәсіпкерлер палатасына мәселені «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қарауына шығару, оны жүйелі мәселелер тізіліміне енгізу жөнінде ұсыныс жолдау, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп қолданыстағы тетіктерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Сонымен қатар Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясына құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру мәселесін қарау, ал «Фитосанитария» РМК-ға көрсетілетін қызметтердің шығын құрылымын талдап, қызмет құнын оңтайландыру мүмкіндігін зерделеу ұсынылды.

Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырып, көтерілген мәселе бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмысты жалғастырады.