Шығыс Қазақстанда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталды

06.08.2026
Шығыс Қазақстанда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталды

Әрбір өнімнің артында – адам. Әрбір дәмнің, хош иістің, өрнектің артында – жылдар бойғы еңбек, ізденіс, қателік пен кішкентай жеңістер жатыр. Осындай әсерлі оқиғалар «Бір ауыл – бір өнім» жобасының бренд-комитеті отырысында айтылды. Мұнда қатысушылар өз өнімдерін жай ғана таныстырып қоймай, оны сарапшылар алдында қорғады.

Бұл күні назарда презентациялар мен статистика емес, Шығыс Қазақстан облысының қала-селелерінде бірегей өнім шығарып жүрген кәсіпкерлер болды. Әрбір қатысушы өз ісінің қалай басталғанын, өнімінің ерекшелігін, қандай дәстүрлерді сақтап қалғанын және қандай тың идеяларды жүзеге асырғанын баяндады.

Бірі табиғи шұжық өнімдерін, енді бірі Алтай балын, самырсын жаңғағынан жасалған печенье, авторлық ірімшіктер, тосаптар, шөп шайлары мен фитөнімдерді, қолөнер косметикасын, киіз бұйымдарын, ұлттық музыкалық аспаптар мен кәдесый өнімдерін ұсынды. Әрбір туындыдан өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік пен сапалы отандық өнім жасауға деген ұмтылыс айқын сезілді.

Бренд-комитет мүшелері ұсынылған өнімдерді мұқият зерделеп, өндіріс технологиясы, пайдаланылатын шикізат, кәсіпті дамыту перспективалары және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойды. Қатысушылар үшін бұл жай ғана өнім көрмесі емес, өз күш-жігері, білімі мен жанын арнаған кәсібін қорғаудың маңызды кезеңі болды.

Қорытындысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша Шығыс Қазақстан облысының 10 жеңімпазы анықталды:

·         Раушан Рахимова-Чупенова (Күршім ауылы) – шұжық өнімдері;

·         Фархат Қадырбаев (Өскемен қаласы) – киізден жасалған бұйымдар;

·         Алексей Касымбаев (Өскемен қаласы) – бал өнімдері;

·         Алексей Серохвостов (Шемонаиха қаласы) – шұжық өнімдері;

·         Жанарбек Қазез (Қасым Қайсенов кенті) – ұлттық музыкалық аспаптар;

·         Алмас Сетербаев (Ушаново ауылы) – шөп шайлары мен фитөнімдер;

·         Сандуғаш Айтқажы (Зайсан қаласы) – табиғи косметика;

·         Айнаш Нұрқасымова (Қатонқарағай ауылы) – самырсын жаңғағынан жасалған печенье;

·         Николай Хоруженко (Шемонаиха қаласы) – қолөнер тәсілімен дайындалған ірімшіктер;

·         Жібек Ерланова (Қатонқарағай ауылы) – қолдан дайындалған тосап.

Енді жеңімпаздарды келесі маңызды кезең күтіп тұр. Олар көлемі 5 миллион теңгеге дейінгі гранттарды жеңіп алу конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл қаражат кәсіпкерлерге өндірісті кеңейтуге, қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға және өз өнімдерін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Алайда жобаның басты құндылығы тек грант ұтып алу мүмкіндігімен шектелмейді. Кәсіпкерлер палатасы финалистерді алдағы уақытта да қолдауды жалғастырады: олар үшін оқыту бағдарламаларын ұйымдастырады, сарапшылық сүйемелдеу көрсетеді және өнімдерін өңірлік әрі республикалық нарықтарда ілгерілетуге жан-жақты қолдау білдіреді.