Алматыда креативті индустрияларды дамыту бойынша жаңа бастамалар талқыланды
Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасында Палата директоры Шыңғысхан Мамановтың төрағалығымен Креативті индустриялар және IT жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібіне Креативті индустрияларды дамыту қорының қызметі, Business Go бірыңғай цифрлық экожүйесін дамыту, сондай-ақ сала өкілдерінің өзекті мәселелері мен ұсыныстарын талқылау енгізілді.
Кездесуге креативті бизнес, IT саласы, кино және анимация, туризм, қоғамдық ұйымдар мен бейінді даму институттарының өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында ҚР Кинематографистер лигасының, MOST IT Hub Almaty, креативті агенттіктердің, Қазақстан Интернет Ассоциациясының, туристік саланың және басқа да ұйымдардың өкілдері болды.
Отырысты ашқан Шыңғысхан Маманов Алматы үшін креативті экономиканы дамытудың ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қаланың адами, мәдени және кәсіпкерлік әлеуеті жоғары. Ал заманауи креативті өнімдерді дамыту қала экономикасының өсуіне, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және Алматыны өңірдің негізгі туристік әрі мәдени орталықтарының бірі ретінде ілгерілетуге ықпал ете алады.

«Біз үшін жекелеген мәселелерді талқылаумен ғана шектеліп қалмау маңызды. Бүгін мұнда түрлі бағыттардың өкілдері жиналды. Дәл осындай әртүрлі құзыреттер тоғысқан жерде мықты идеялар пайда болуы мүмкін. Біздің міндетіміз – бизнес пен кәсіби қоғамдастықтың әлеуетін біріктіріп, сол идеяларды нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру», – деді Шыңғысхан Маманов.
Креативті индустрияларды қолдаудың жаңа құралдары
Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі Креативті индустрияларды дамыту қорының қызметі болды. Қолданыстағы және жоспарланып отырған қолдау құралдары туралы Қордың Алматы қаласы бойынша өңірлік үйлестірушісі Олжас Шарипов егжей-тегжейлі айтып берді.
Ол бүгінде креативті индустрияларды тек шығармашылық пен мәдениет саласы ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашатын, зияткерлік меншікті қалыптастыратын, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал ететін, инвестиция тартатын және айтарлықтай экспорттық әлеуетке ие дербес экономика секторы.
Олжас Шариповтың айтуынша, бүгінде креативті индустрияларға жататын экономикалық қызмет түрлерінің ресми тізбесіне 53 бағыт кіреді. Олардың қатарында кино және анимация, музыка, сәулет, дизайн, телевизия, фотография, қолөнер, жарнама, баспа ісі, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, геймдев, көрмелер мен конференциялар ұйымдастыру, веб-порталдар және басқа да бағыттар бар.

«Қордың миссиясы – талантты авторлар мен кәсіпкерлерді қолдау, креативті секторды дамыту және қазақстандық креативті өнімдерді ел ішінде де, халықаралық деңгейде де ілгерілету», – деді Олжас Шарипов.
Баяндамашы креативті индустриялардың инфрақұрылымын дамытуға да ерекше тоқталды. Қазақстанда заманауи Creative Hub желісі қалыптастырылуда. Бұл креативті индустрия өкілдері жұмыс істейтін, білім алатын, жаңа өнімдер жасап, тәжірибе алмасатын кеңістік болмақ.
Мұндай орталықтар коворкингтерді, шеберханаларды, дизайнерлерге, қолөнершілерге, музыканттарға, fashion-индустрия және басқа да шығармашылық бағыттардың өкілдеріне арналған кеңістіктерді біріктіруге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды құрал – креативті индустрия өкілдеріне арналған ортақ экожүйе ретінде құрылып жатқан QazaqCreative бірыңғай цифрлық платформасы. Платформа арқылы кәсіпкерлер қолдау шаралары туралы ақпарат алып, креативті индустрия субъектілерінің тізілімінде тіркеле алады, Қор бағдарламаларына өтінім бере алады, білім беру жобаларына қатысып, бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін таба алады.
Адами капиталды дамытуға да үлкен көңіл бөлінуде. Қор білім беру және акселерациялық бағдарламаларды, шеберлік сабақтары мен тәлімгерлік бағдарламаларын жүзеге асырады. Бұл авторларға сапалы өнім жасап қана қоймай, оны коммерцияландыру, инвестиция тарту және нарыққа шығару тетіктерін меңгеруге көмектеседі.
Отырысқа қатысушылардың ерекше қызығушылығын жоспарланып отырған мемлекеттік гранттық қолдау шаралары тудырды.
Олжас Шариповтың айтуынша, конкурс әзірге жарияланған жоқ. Алайда 2026 жылы Қор креативті индустриялар саласындағы жобаларды жүзеге асыруға 5 миллионнан 10 миллион теңгеге дейінгі көлемде 35 мемлекеттік грант беруді жоспарлап отыр.
Конкурстық іріктеуге қатысу үшін кәсіпкер Қазақстан Республикасының тіркелген кәсіпкерлік субъектісі болуы, креативті индустриялардың бекітілген ЭҚЖЖ-ларының бірі бойынша қызмет жүргізуі, креативті индустрия субъектілерінің тізілімінде тұруы және салық берешегі болмауы тиіс.
Осыған байланысты креативті бизнес өкілдеріне өздерінің ЭҚЖЖ-ларының бекітілген тізбеге сәйкестігін алдын ала тексеріп, конкурс жарияланғаннан кейін оған уақтылы қатысу үшін тиісті тізілімде тіркелу ұсынылды.
Қазақстандық жобалар үшін халықаралық мүмкіндіктер
Баяндаманың жеке бөлігі халықаралық ынтымақтастық пен отандық креативті өнімдерді шетелдік нарықтарға шығару мүмкіндіктеріне арналды.
Қор мемлекеттік даму институттарымен, халықаралық ұйымдармен, инвесторлармен және білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты дамытып келеді. Бұл жұмыстың негізгі бағыттарына қазақстандық креативті өнімдер мен қызметтердің экспортын дамыту, отандық компаниялар мен стартаптардың шетелдік нарықтарға шығуына көмектесу, шетелдік инвестициялар тарту, қазақстандық компаниялардың халықаралық форумдарға, фестивальдер мен көрмелерге қатысуын ұйымдастыру, білім беру бағдарламаларын дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру кіреді.

Жекелеген жобалардан Алматының бірыңғай креативті экожүйесіне дейін
Отырыстың елеулі бөлігі ашық кәсіби пікірталас форматында өтті. Түрлі бағыттардың өкілдері Алматының креативті экономикасын одан әрі дамыту үшін қандай жағдайлар қажет екені жөнінде өз көзқарастарымен бөлісті.
Талқылау барысында айтылған бастамалардың бірі креативті индустрия өкілдеріне арналған бірыңғай қалалық хаб құру болды.
Кеңес мүшелерінің пікірінше, мұндай алаң IT-әзірлеушілерді, дизайнерлерді, актерлерді, суретшілерді, кинематографистерді, музыканттарды, қолөнершілерді, туристік сала өкілдерін және креативті қоғамдастықтың басқа да мүшелерін біріктіре алар еді.
Бұл ретте әңгіме тек физикалық кеңістік туралы емес. Мұндай хаб түрлі индустрия өкілдері бірлескен жобалар жасап, құзыреттерімен алмасып, серіктестер мен инвесторлар тауып, іс-шаралар өткізіп, жаңа өнімдер әзірлей алатын тұрақты өзара іс-қимыл ортасына айналуы мүмкін.
Отырысқа қатысушылар құрамының әртүрлілігі осы және басқа да бастамаларды бірнеше кәсіби қырынан қарастыруға мүмкіндік берді. Кеңес жұмысына кино және анимация индустриясының, IT-сектордың, креативті агенттіктердің, қоғамдық ұйымдар мен туристік саланың өкілдері қатысты.
Қатысушылар түрлі индустрия өкілдерінің өзара ықпалдастығы қаладағы креативті экономиканың одан әрі өсуінің негізгі факторларының біріне айналуы мүмкін екенін атап өтті.
Business Go мүмкіндіктері
Отырыс аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» бүгінде белсенді түрде ілгерілетіп отырған Business Go бірыңғай цифрлық экожүйесінің таныстырылымы да өтті. Цифрлық экожүйенің таныстырылымы Салалық кеңестің күн тәртібіне жеке мәселе ретінде енгізілген болатын.
Қатысушыларға жаңа өнімнің кәсіпкерлер үшін ұсынатын мүмкіндіктері таныстырылды. Мұндай цифрлық шешімдерді дамыту бизнестің кәсіпкерлікті қолдау жүйесімен өзара іс-қимылын барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етуге бағытталған.
Талқылаудан нақты бастамаларға
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Алматыдағы креативті индустрияларды одан әрі дамыту кәсіби қоғамдастықтың, бизнес пен мемлекеттік институттардың тығыз ықпалдастығын қажет етеді деген ортақ пікірге келді.
Шыңғысхан Маманов Салалық кеңес мүшелеріне қаланың креативті экономикасын дамытуға бағытталған нақты ұсыныстары мен бастамаларын әзірлеп, Палатаға жолдауды ұсынды. Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы келіп түскен ұсыныстарды біріктіріп, жүйелейді. Кейін оларды әкімдікпен, бейінді мемлекеттік органдармен және мүдделі ұйымдармен нақты талқылауға шығару жоспарланып отыр.
Қатысушылар сондай-ақ Салалық кеңестің жұмысын жандандырып, кездесулерді жиі өткізуге уағдаласты. Осылайша Кеңес алаңын тек қолданыстағы мәселелерді талқылайтын орын ғана емес, бірлескен жобаларды әзірлеу мен ілгерілетудің нақты тетігіне айналдыру көзделіп отыр.
«Бүгін айтылған барлық идеяларды жинақтап, олардың ішінен ең перспективалы бағыттарды анықтап, нақты жұмысқа көшу маңызды. Палата өз тарапынан саланың ұсыныстарын біріктіріп, мемлекеттік органдармен әрі қарайғы диалогты жолға қоюға көмектесетін алаң болуға дайын», – деп атап өтті Шыңғысхан Маманов.
Осылайша, отырыс қолданыстағы және жаңа қолдау құралдарын таныстыру алаңы ғана емес, ең алдымен ашық кәсіби диалог пен жаңа бастамаларды қалыптастыру алаңына айналды. Креативті экономиканың түрлі бағыттарының өкілдері өз құзыреттерін біріктіруге, өзара байланысты күшейтуге және Алматыдағы креативті индустриялардың дамуына жаңа серпін беретін ұсыныстарды бірлесіп әзірлеуге уағдаласты.