Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық адвокаттар алқасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Құжаттың мақсаты – бизнестің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікке заңсыз қысым көрсетудің алдын алу, сондай-ақ қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істерді және әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын істерді қарау барысында кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу тәуекелдеріне уақтылы ден қою мақсатында үшжақты ынтымақтастықты дамыту.

Меморандумға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам мен Павлодар облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Әлбек Сәрсенбаев қол қойды. Қол қою рәсімі облыстық адвокаттар алқасының кеңсесінде өтті.
«Осындай ынтымақтастық туралы келісімге келе отырып, Палата мен адвокаттар алқасы кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, негізсіз қылмыстық қудалаудың, әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартудың, азаматтық және әкімшілік істерді қарау кезінде кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуының, сондай-ақ бизнеске қысым көрсетудің өзге де түрлерінің алдын алуға қолдау көрсетеді», – деді Павлодар облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.
Меморандумға сәйкес, адвокаттар бизнес құқықтарының бұзылу фактілері туралы Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасын ерте кезеңде хабардар етуге жәрдемдеседі. Сондай-ақ тараптар бизнес мүдделеріне әсер ететін құқық қолдану тәжірибесіндегі анықталған жүйелі мәселелер жөнінде ақпарат алмасады. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамасын және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, бірлескен талдамалық, әдістемелік, консультациялық және білім беру іс-шараларын өткізу, сондай-ақ екі тараптың жұмыс топтарына қатысуы көзделген.
Сонымен қатар, Павлодар облысының адвокаттар алқасы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы осы құжатқа қол қою арқылы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қылмыстық, әкімшілік және азаматтық сот ісін жүргізу, сондай-ақ әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде қорғауға жәрдемдесуді жоспарлап отыр.
Меморандум белгіленбеген мерзімге жасалды және тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтату туралы екінші тарапқа жазбаша хабарлама жолдағанға дейін өз күшінде болады.