Халықаралық сарапшылар Түркістанның кәсіпкерлік ахуалын зерделеуде

03.08.2026
Халықаралық сарапшылар Түркістанның кәсіпкерлік ахуалын зерделеуде

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында Азия даму банкінің (ADB) өкілдері мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен әділетті энергетикалық көшу (Just Energy Transition) мәселесіне арналған кездесу өтті.

Кездесу барысында сарапшылар өңірдегі кәсіпкерлік ахуалға қатысты бірқатар мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, әйелдер кәсіпкерлігінің даму мүмкіндіктері, инвесторлар үшін кездесетін негізгі кедергілер, жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлардың жеткіліктілігі, сондай-ақ ауыз су, электр қуаты және медициналық қызметтердің қолжетімділігі жөнінде сұрақтар қойылды.

Изображение

Жиынға Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдері Кенжехан Әбуов пен Меутия Чаерани, сондай-ақ халықаралық экологиялық консалтингтік компания ERM өкілі Викрант Ванкхеде қатысты. Сонымен бірге кездесуге қазақстандық және халықаралық сарапшылар да атсалысты.

Изображение

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев өңірдегі кәсіпкерлік ортаның жай-күйі, инвестиция тартуға әсер ететін факторлар және бизнестің өзекті мәселелері жөнінде ақпарат берді.

– Азия даму банкі жүргізіп отырған бұл талдау өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлердің пікірлері мен ұсыныстары мұндай зерттеулер үшін аса маңызды. Палата бизнес қауымдастығы мен халықаралық ұйымдар арасындағы ашық диалогты қолдауға әрқашан дайын, – деді Асылан Ибадуллаев.

Изображение

Кездесу барысында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлназ Есетова өңірдегі инвестициялық ахуал, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар және инвесторларды қызықтырған мәселелер бойынша жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ халықаралық сарапшылардың сұрақтарына жауап беріп, өңірдің инвестициялық әлеуеті мен бизнес ортасының ерекшеліктеріне тоқталды.

Изображение

Айта кетейік, бұл кездесу Азия даму банкінің алдын ала жүргізіп жатқан талдау жұмыстары аясында ұйымдастырылды. Зерттеу нәтижелері болашақта әділетті энергетикалық көшу бағытындағы ықтимал қаржыландыру мәселелерін қарастыру кезінде ескерілмек.