«Атамекен» ҰКП Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін қолдау шараларын күшеутуді ұсынады
Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамыту, мемлекеттік сатып алуды жетілдіру және қазақстандық брендтерді ілгерілету мәселелері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кездесуде талқыланды.
Іс-шараға бейінді мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, «Даму» қорының, салалық бірлестіктер мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Қатысушыларға 2026-2030 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспардың негізгі ережелері таныстырылды. Құжат заңнаманы, мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіруге, көлеңкелі импортқа қарсы іс-қимылға, инвестициялар тартуға, отандық брендтерді дамытуға және кадрлар даярлауға бағытталған 28 іс-шараны қамтиды.
Кездесуде қаралған негізгі мәселелердің бірі – қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттыру. Отандық киім, аяқ киім және тоқыма өнімдерін өндірушілер санының өсуіне қарамастан, көптеген қазақстандық брендтер тұтынушылар арасында әлі де жеткілікті деңгейде танымал емес.
«Атамекен»: отандық брендтер үшін тұрақты алаң құру қажет
«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры – Басқарушы директор Асқар Алмат Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің жыл сайынғы көрмесін өткізуді ұсынды.
«Қазақстандық киім, аяқ киім және тоқыма бұйымдарын өндірушілер санының өсуіне қарамастан, брендтердің басым бөлігі ішкі тұтынушыға әлі де кеңінен таныла қойған жоқ. Сондықтан өндірушілерді сауда желілері мен маркетплейстердің сатып алушыларымен тікелей байланыстыратын тұрақты алаң құру маңызды», – деп атап өтті Асқар Алмат.
Оның айтуынша, жыл сайынғы көрмеге киім, аяқ киім, трикотаж, тоқыма және былғары-галантерея өнімдерін өндірушілер қатысуы тиіс. Іс-шара аясында байерлермен іскерлік кездесулер, салалық сессиялар, маркетплейстер мен бөлшек сауда желілері арқылы сатуды дамыту жөніндегі дөңгелек үстелдер, практикалық шеберлік сабақтары, экспорт және логистика мәселелері бойынша консультациялар өткізу ұсынылады.

«Атамекен» ҰКП-ның пікірінше, мұндай алаң отандық брендтердің танымалдығы мен оларға деген сенімді арттыруға, сауда желілеріндегі қазақстандық өнімнің үлесін ұлғайтуға, өндірушілер мен байерлер арасында тікелей байланыс орнатуға және одан әрі экспорттық ілгерілетуге, оның ішінде ЕАЭО нарықтарына шығуға негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Атамекен» ҰКП Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Палатамен бірлесіп жыл сайынғы көрменің ұйымдастырушылық моделін пысықтауды, бірыңғай операторды және оны қаржыландыру көздерін айқындауды, оның ішінде кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы институттары арқылы бірлесіп қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Ұлттық палата жеңіл өнеркәсіптің салалық қауымдастықтарымен үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етуге дайын.
Мемлекеттік қолдау: кәсіпорындардың ерекшелігін ескеру маңызды
Кездесу барысында сала өкілдері сертификаттау құны және мемлекеттік қолдау шараларын саралау мәселелерін де көтерді.

«QazTextileIndustry» ӨРҰ басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажетті өнімді сертификаттау құнының жоғары екеніне назар аударды. Сондай-ақ ол кәсіпорындардың ерекшелігін ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларын саралауды ұсынды. Атап айтқанда, өндірісті оқшаулау деңгейі жоғары, негізінен униформаны сериялық өндіруге маманданған кәсіпорындар мен өз брендтерін дамытып жатқан компанияларға қолдау шараларын жеке қарастыруды ұсынды.
Серік Жұманғарин сертификаттау өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті құралы болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігіне сертификаттау құнын төмендету, сертификаттардың қолданылу мерзімін ұзарту, сондай-ақ арнайы инвестициялық келісімшарттар бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындарға жекелеген жеңілдіктер беру мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.
Мемлекеттік сатып алу: түсінікті және ұзақ мерзімді жағдайлар қажет
Қатысушылар мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіруге де ерекше назар аударды.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Салтанат Әбдікәрімова мемлекеттік сатып алуға қойылатын талаптарды жетілдіру және отандық өндірушілер үшін үлгілік техникалық ерекшеліктер әзірлеу қажеттігіне назар аударды.
«ПО Глобал-спецодежда» фабрикасының директоры Надежда Шабаева мемлекеттік сатып алу кезінде кәсіпорындардың жұмыс орындарын құруға қосқан үлесін, өндірісті оқшаулау деңгейін және өндірісті жаңғыртуға салған инвестицияларын ескеруді ұсынды. Сонымен қатар ол адал жұмыс істейтін отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу тәжірибесін кеңейтуді ұсынды.
Мектеп формасы: сапаға қойылатын бірыңғай талаптар қажет
Қатысушылар мектеп формасын өндіру мәселелерін де жеке талқылады.
Қазіргі уақытта тиісті ұлттық стандарттар ерікті негізде қолданылады. Кеңеске қатысушылар қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге мектеп формасына арналған стандарттарды міндетті түрде қолдану бөлігінде өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Өнім сапасына қойылатын бірыңғай талаптар нарық қатысушыларының жұмыс істеуі үшін неғұрлым ашық жағдайлар қалыптастыруға, мектеп формасының қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ отандық өндірісті дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.
Бұл мәселе бұған дейін де әртүрлі диалог алаңдарында, оның ішінде Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Сарапшылар тобының аясында бірнеше рет талқыланған.