Отандық тауар өндірушілерді қолдау: өндірістен тұрақты нарыққа дейін

10.08.2026
Отандық тауар өндірушілерді қолдау: өндірістен тұрақты нарыққа дейін

Отандық тауар өндірушілерді қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет ішкі өндірісті дамытуға, жаңа өнеркәсіп кәсіпорындарын құруға, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және ел ішінде тұрақты өндірістік тізбектер қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды іске асыруда.

Бүгінде мемлекеттік қолдау бизнес дамуының барлық кезеңіне тән. Ол жеңілдетілген қаржыландыру мен жаңа өндірістерді іске қосудан бастап, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар арқылы тұрақты сұраныс қалыптастыруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға дейінгі тетіктерді қамтиды.

Отандық өндірушілердің өсуіне жаңа мүмкіндіктер жасалуда

Отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі құралдарының бірі – мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алу жүйесінде отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдаудың 16-дан астам шарасы енгізілген. Олардың қатарында қазақстандық өндірушілерден міндетті түрде сатып алу, қамтамасыз етудің жекелеген түрлерінен босату, аванс төлеу және төлем мерзімдерін қысқарту тетіктері бар.

Изображение

2025 жылы «Самұрық-Қазына» тобының отандық өндірушілермен жасасқан шарттарының көлемі 2,17 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде екі есеге жуық өсті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 3,8 мыңнан астам шарт жасалып, олардың жалпы сомасы 594 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға жоғары.

Өндірісті іске қосқанға дейін болашақ сұранысты қалыптастыруға мүмкіндік беретін офтейк-келісімшарттар тетігі де кеңейіп келеді. 2025 жылы 257,5 млрд теңге сомасына 363 офтейк-келісімшарт жасалды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы 115 осындай келісім жасалып, олардың жалпы сомасы шамамен 47 млрд теңгені құрады.

Мемлекеттік сатып алуларға отандық өндірушілердің қатысуы да артып келеді. 2025 жылы қазақстандық тауар өндірушілермен 169 мың шарт 456 млрд теңге сомасына жасалды. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштерден тиісінше 16,5% және 23,3%-ға жоғары.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – «Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі» ақпараттық жүйесінің іске қосылуы. 2025 жылғы қарашадан бері жүйеге бизнес субъектілерінен 41 мыңнан астам өтінім келіп түсіп, өңделді. Верификация қорытындысы бойынша Тізілімге 10 мыңнан астам отандық тауар өндіруші енгізілді.

Изображение

Жүйе негізгі мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және сатып алу алаңдарымен интеграцияланған. Бұл бизнеске сатып алу нарығына неғұрлым ашық әрі тең жағдайларда қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қаржыландыру жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік береді

Сонымен қатар кәсіпорындардың қаржыландыруға қолжетімділігі кеңейіп келеді.

2024 жылдан 2026 жылғы тамызға дейін «Даму» қорының желісі арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға қолдау көрсетілді. Берілген кредиттердің жалпы сомасы 2,2 трлн теңгені құрады.

2024-2026 жылдары Өнеркәсіпті дамыту қоры 153 отандық тауар өндірушіге 943 млрд теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті.

«Бәйтерек» холдингінің даму институттары арқылы жаңа кәсіпорындар құру, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру жобалары қаржыландырылуда.

Изображение

Нәтижесінде елімізде жаңа өндірістік тізбектер қалыптасуда. Автомобиль жасау саласында құрамдас бөлшектер базасы дамып, оқшаулау деңгейі артып келеді. Ауыл шаруашылығы және теміржол машина жасау салаларында өнімнің жаңа түрлерін игеру жұмыстары жүргізілуде. Жеңіл өнеркәсіпте толық өндірістік циклді кәсіпорындар құрылып, металлургия және химия өнеркәсібіндегі өндірістік қуаттар кеңеюде.

Келесі кезең – тұрақты сұраныс пен отандық брендтерді дамыту

Отандық өндірісті одан әрі дамыту үшін кәсіпорынды іске қосумен ғана шектелмей, оған тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз ету маңызды.

Осы мәселе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кездесуде негізгі тақырыптардың біріне айналды.

Изображение

Кездесуге мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП-ның, «Даму» қорының, салалық бірлестіктер мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Қатысушыларға 2026-2030 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспардың негізгі бағыттары таныстырылды. Құжат заңнаманы, мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіруге, көлеңкелі импортқа қарсы іс-қимылға, инвестициялар тартуға, отандық брендтерді дамытуға және кадрлар даярлауға бағытталған 28 іс-шараны қамтиды.

«Атамекен» өндірушілерді қолдауды күшейтуді ұсынды

«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры – Басқарушы директор Асқар Алмат Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің жыл сайынғы көрмесін өткізуді ұсынды.

«Қазақстандық киім, аяқ киім және тоқыма бұйымдарын өндірушілер санының өсуіне қарамастан, брендтердің басым бөлігі ішкі тұтынушыға әлі де кеңінен таныла қойған жоқ. Сондықтан өндірушілерді сауда желілері мен маркетплейстердің сатып алушыларымен тікелей байланыстыратын тұрақты алаң құру маңызды», – деді Асқар Алмат.

Ұсынылып отырған көрме киім, аяқ киім, трикотаж, тоқыма және былғары-галантерея өнімдерін өндірушілерді, сондай-ақ сауда желілері мен маркетплейстердің байерлерін бір алаңға біріктіреді. Мұнда іскерлік кездесулер, салалық сессиялар, шеберлік сабақтары және экспорт мәселелері бойынша консультациялар өткізу жоспарлануы мүмкін.

«Атамекен» көрменің ұйымдастырушылық моделін және қаржыландыру көздерін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп пысықтауды ұсынды.

Сала өкілдері кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін басқа да мәселелерді көтерді.

«QazTextileIndustry» ӨРҰ басқарма төрайымы Гүлмира Уахитова мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажетті өнімді сертификаттау құнының жоғары екеніне назар аударды. Сонымен қатар ол өндірісті оқшаулау деңгейі жоғары, негізінен униформа сериялық өндірісіне маманданған кәсіпорындар мен өз брендтерін дамытып жатқан өндірушілер үшін мемлекеттік қолдау шараларын саралауды ұсынды.

Изображение

Серік Жұманғарин сертификаттау өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті құралы болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігіне сертификаттау құнын төмендету, сертификаттардың қолданылу мерзімін ұзарту және арнайы инвестициялық келісімшарттар бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындарға жекелеген жеңілдіктер беру мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Салтанат Әбдікәрімова мемлекеттік сатып алуға қойылатын талаптарды жетілдіру және отандық өндірушілер үшін үлгілік техникалық ерекшеліктер әзірлеу қажеттігіне назар аударды.

«ПО Глобал-спецодежда» фабрикасының директоры Надежда Шабаева мемлекеттік сатып алу кезінде кәсіпорындардың жұмыс орындарын құруға қосқан үлесін, өндірісті оқшаулау деңгейін және жаңғыртуға салған инвестицияларын ескеруді, сондай-ақ адал жұмыс істейтін отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу тәжірибесін кеңейтуді ұсынды.