Өзбекстан–Қазақстан Іскерлік кеңесінің VII отырысында екіжақты экономикалық әріптестік мәселелері қаралды
Ташкент қаласында мемлекеттік органдардың, жетекші бизнес қауымдастықтардың, іскер топтардың және екі елдің кәсіпкерлерінің қатысуымен Өзбекстан–Қазақстан Іскерлік кеңесінің VII отырысы өтті.
Іс-шараға «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев бастаған қазақстандық делегация қатысты. Делегация құрамында Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев та болды.

Халықаралық іскерлік алаң барысында тараптар өндірістік кооперацияны дамыту, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, өзара сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, логистикалық ынтымақтастықты кеңейту және кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқылады.

Іскерлік кеңестің кезекті отырысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты бастамалар мен өзара тиімді жобаларды ілгерілетуге мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңына айналды.