ENACTUS Kazakhstan National EXPO 2026: «Атамекен» ҰКП жастар кәсіпкерлігін дамытуға қолдау көрсетеді

10.08.2026
ENACTUS Kazakhstan National EXPO 2026: «Атамекен» ҰКП жастар кәсіпкерлігін дамытуға қолдау көрсетеді

Алматы қаласында студенттерді, мектеп оқушыларын, бизнес қауымдастығын, академиялық ортаны және мемлекеттік органдар өкілдерін біріктіретін еліміздегі ең ірі алаң – ENACTUS Kazakhstan National EXPO 2026 жастар кәсіпкерлігінің 31-кубогы өтті. Іс-шара кәсіпкерлік бастамалар мен инновациялық жобаларды дамытуға бағытталды.

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Алматы қаласының әкімдігі және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен қатар аталған іс-шараның ресми серіктесі болды.

Екі күн бойы қатысушылар экономикалық және әлеуметтік маңызы бар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік және бизнес-жобаларын таныстырды. Бағдарлама аясында студенттер, колледж және мектеп командалары арасында жарыстар, инновациялық әзірлемелер көрмесі, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына арналған форум, мансаптық іс-шаралар және ENACTUS түлектерінің кездесуі ұйымдастырылды.

ENACTUS Kazakhstan жоғары лига сайысының қорытындысы бойынша Astana Medical University командасы ұлттық чемпион атанып, Қазақстанның атынан ENACTUS World Cup 2026 әлем чемпионатында (Сан-Паулу, Бразилия) бақ сынайтын болды.

Изображение

Команда адам өмірінің сапасын жақсартуға және күрделі ауруларды ерте анықтауға бағытталған медициналық жасанды интеллект саласындағы екі инновациялық жобаны ұсынды. Visual Mind – есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған интеллектуалды AI-платформа. Ол ымдау тілін аудару, жұмысқа орналасуға, білім алуға және мамандармен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Ал ReMind – МРТ нәтижелерін талдау арқылы Альцгеймер ауруын, деменцияны және басқа да нейродегенеративті сырқаттарды ерте анықтауға, сондай-ақ олардың алдын алу мен оңалту шараларын қолдауға арналған медициналық AI-жүйе.

Байқау аяқталғаннан кейін «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту департаментінің директоры – басқарушы директоры Азамат Бейсенбенов ENACTUS Kazakhstan қорының президенті Альбина Ержановамен және ENACTUS Kazakhstan National EXPO 2026 жеңімпаздары – Astana Medical University студенттерімен кездесті.

Кездесу барысында жастар кәсіпкерлігін дамыту, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау, инновацияларды енгізу және студенттік жобаларды коммерцияландыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ білім беру ұйымдары мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және жастардың кәсіпкерлік әлеуетін іске асыруға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды.

Изображение

«Бүгінде дәл осындай бастамалар кәсіпкерлер мен өзгерістер көшбасшыларының жаңа буынын қалыптастырудың берік негізіне айналып отыр. ENACTUS студенттік жобалардың экономика мен қоғамның нақты мәселелерін шешуге қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін жастарды қолдау, олардың кәсіпкерлік құзыреттерін дамытуға мүмкіндік жасау және білім беру жүйесі мен бизнес арасындағы байланысты нығайту – басым бағыттардың бірі», – деді «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту департаментінің директоры – басқарушы директоры Азамат Бейсенбенов.

ENACTUS Kazakhstan бағдарламасы 30 жылдан астам уақыт бойы жастар арасында кәсіпкерлік ойлау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді. Бүгінде бағдарлама Қазақстанның барлық 20 өңірінен қатысушыларды біріктіреді. Оның жобалары ESG қағидаттарына және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келіп, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тиімділікті қатар қамтамасыз етеді.

Осындай бастамаларды қолдау – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту, білім беру жүйесі мен бизнес арасындағы өзара байланысты күшейту және Қазақстанда заманауи кәсіпкерлік экожүйесін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысының маңызды бөлігі.