Ақмола облысында туристік маусымның мәселелері мен саланы қолдаудың жаңа шаралары талқыланды

13.08.2026
Ақмола облысында туристік маусымның мәселелері мен саланы қолдаудың жаңа шаралары талқыланды

Щучинск қаласында жазғы туристік маусымның аралық қорытындылары шығарылып, бүгінгі таңда Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы демалыс нысандарының жұмысына тікелей әсер ететін мәселелер талқыланды. Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев пен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың қатысуымен өткен жұмыс кеңесіне туристік бизнес өкілдері қатысты.

Курорттық аймаққа, атап айтқанда, Бурабайға кіреберістегі бақылау-өткізу бекеттерінің жұмысы өзекті мәселелердің бірі болды. Кәсіпкерлер сағат 23:30-дан кейін кіріп, түнгі сағат 00:00-ден кейін шығып жатқан демалушылардың кей жағдайда болу ақысын екі тәулік үшін төлеуге мәжбүр болатынына назар аударды. Осыған байланысты кәсіпкерлер өткізу бекеттерінің жұмысын оңтайландыру және демалушылардың нақты болған уақытын ескере отырып, төлем тетігін жетілдіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарын қолдау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Сала өкілдері «Бәйтерек» холдингіне балалар лагерьлері үшін арнайы лизингтік құралдар әзірлеуді, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын қарастыруды ұсынды. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, бұл кәсіпкерлерге материалдық-техникалық базаны жаңартуға, инфрақұрылымды дамытуға және балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының Туризм және экология салалық кеңесінің төрағасы Қайрат Сұлтанов ЭҚЖЖ-ны жетілдіру мәселесін көтерді. Атап айтқанда, 5520 ЭҚЖЖ-ға «балаларға арналған білім беру-сауықтыру ұйымдары» ұғымын енгізу ұсынылды. Бұл саладағы реттеу және мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру кезінде балалар туристік лагерьлерінің қызмет ерекшелігін неғұрлым нақты ескеруге мүмкіндік береді.

Курорттық аймақ үшін барған сайын өзекті бола түсіп отырған тағы бір мәселе – туристерді орналастырудың заманауи түрлерін дамыту. «Scout Village Burabay» демалыс базасының басшысы Ильдар Катенов нормативтік құжаттарда «глэмпинг» ұғымын бекітуді ұсынды. Оның пікірінше, орналастырудың жаңа форматына нақты анықтама беру оны одан әрі дамыту үшін түсінікті жағдайлар қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кеңес барысында инфрақұрылымды дамыту, көлік қолжетімділігі және туристік сала субъектілерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау мәселелері де талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша бейінді мемлекеттік органдарға көтерілген проблемалық мәселелер мен ұсыныстарды пысықтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Мұндай жұмыс кездесулерін өткізу туристік саланың мәселелерін күнделікті қызмет барысында жергілікті жерлерде нақты қиындықтарға тап болатын кәсіпкерлердің тікелей қатысуымен қарастыруға мүмкіндік береді. Жазғы маусым қорытындысы бойынша бизнес өкілдері ұсынған ұсыныстар Щучинск-Бурабай курорттық аймағын одан әрі дамыту бағытындағы жұмыс барысында ескерілетін болады.