Көміртек нарығын дамыту инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашады

13.08.2026
Көміртек нарығын дамыту инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашады

Астанада «Париж келісімі аясында Қазақстанның көміртек жобалары нарығын дамыту» атты екі күндік семинар өтуде. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, дипломатиялық корпус пен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысуда.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) бастамасымен ұйымдастырылды. Семинардың негізгі серіктесі мен қатысушыларының бірі – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Бірінші күннің бағдарламасы көміртек жобаларын іске асыруға әлеуеті бар орман телімдерінің таныстырылымынан басталды. Қатысушылар Астана қаласының «Жасыл белдеуіне» барып, одан кейін пленарлық сессия аясында жұмысты жалғастырды.

Изображение

Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов, ЕҚДБ-ның Астанадағы кеңсесінің басшысы және «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы директорының орынбасары Асқар Намазбаев қатысып, сөз сөйледі.

Қанат Шарлапаев өз сөзінде көміртек нарығын дамытудың қазақстандық бизнес үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Бұл бағыт ауқымды инвестициялық капиталды жұмылдыруды талап етеді. Оның едәуір бөлігі энергетика, мұнай-газ, тау-кен және металлургия салаларындағы кәсіпорындарды жаңғыртуға бағытталуы тиіс.

«2035 жылға дейін Қазақстанның климаттық мақсаттарын іске асыру үшін шамамен 175 млрд доллар көлемінде инвестиция қажет болады. Көміртек нарығын дамыту бизнес үшін түсінікті әрі ашық жағдайлар қалыптастыруға, сондай-ақ елдің климаттық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беруі тиіс», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев.

 

Изображение

Бұл пікірді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өз сөзінде жалғастыра отырып, парниктік газдарды реттеудің қолданыстағы жүйесі, оның ішінде квоталарды тегін бөлу тетігі кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға толық көлемде ынталандырмайтынын атап өтті.

«Біз Париж келісімінің 6-бабында көзделген тетіктерді климаттық жобаларға инвестиция тартудың қосымша құралы ретінде қарастырамыз. Мұндай жобалардың нәтижелері ұлттық міндеттемелерді орындау мақсатында есепке алынуы мүмкін», – деді Ерлан Нысанбаев.

Изображение

Осыған байланысты семинарға қатысушыларға Қазақстанда көміртек жобаларын іске асырудың жаңа қағидалары, сондай-ақ Париж келісімінің 6-бабына сәйкес мұндай жобалардың халықаралық көміртек нарығына қатысу тетіктері таныстырылды. Атап айтқанда, шығарындыларды қысқарту нәтижелерін халықаралық деңгейде жолдау жөніндегі 6.2-бап (ITMO) пен халықаралық көміртек кредиттеу тетігін көздейтін 6.4-баптың айырмашылықтары түсіндірілді.

Өз кезегінде Ұлттық палата бұл тетіктерді қалыптастыру кезеніңде бизнес үшін артық шектеулерге, шығарындыларды қысқарту нәтижелерін қосарлы есепке алуға, сондай-ақ Париж келісімінің 6-бабындағы халықаралық тетіктерді ұлттық квоталау жүйесімен және ерікті көміртек нарығымен араластыруға жол бермеу маңызды деп санайды. Бұл жобалардың инвестициялық тартымдылығын сақтаудың негізгі шарттарының бірі болып табылады. Климаттық саясат пен тұрақты даму мәселелері Палатаның тұрақты күн тәртібінен орын алып, ҰКП жанындағы Экология комитеті, сондай-ақ бизнес, мемлекет және сарапшылар қоғамдастығы арасындағы диалог алаңы ретінде қызмет ететін Тұрақты даму және ESG жөніндегі кеңес жұмыс істейді.

Қазақстанның көміртек нарығын одан әрі дамыту үшін ұлттық шығарындыларды саудалау жүйесі (ШСЖ) мен Париж келісімінің 6-бабында көзделген халықаралық тетіктерді нақты ажырату аса маңызды. Бұл инвесторлар үшін қажетті құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді.

Осы мақсатта 2026 жылғы 8 шілдеде ҚР Экологиялық кодексіне тиісті түзетулер енгізілді. Олардың негізінде әзірленген заңға тәуелді актілер бизнеске көміртек жобаларын іске асыруға және шығарындыларды қысқарту нәтижелерімен халықаралық алмасуға қатысуға мүмкіндік берді.

Осылайша, қазақстандық бизнес үшін климаттық қаржыландыруды тартудың және ұлттық әрі халықаралық талаптарға сәйкес халықаралық көміртек нарығына қатысудың жаңа мүмкіндіктері ашылып отыр.