Қызылордада «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 10 финалисі анықталады
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы Бренд-комитеттің кезекті отырысы өтті. Жиынға кәсіпкерлер, түрлі сала сарапшылары және мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған Бренд-комитет мүшелері қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 27 маусым күні жоба аясында 55 жергілікті тауар өндірушінің қатысуымен көрме-байқау ұйымдастырылған болатын. Көрме қорытындысы бойынша жұмысшы топтың сараптамасы негізінде 20 жартылай финалист іріктеліп, енді олар өз өнімдерін Бренд-комитет мүшелерінің алдында таныстырды.
Жиын барысында әрбір кәсіпкер өз өнімінің ерекшелігін, өндіріс технологиясын, нарықтағы әлеуетін және бренд ретінде дамыту мүмкіндігін жан-жақты таныстырды. Өз кезегінде Бренд-комитет мүшелері қатысушыларға қосымша сұрақтар қойып, өнімдердің сапасы, бірегейлігі, өңірлік ерекшелігі, нарыққа шығу мүмкіндігі секілді негізгі критерийлер бойынша бағалау жүргізді.
Комитет қарауына сүт және ет өнімдері, шұжық, бал, шай, түрлі тәттілер сияқты азық-түлік тауарларымен қатар, қолөнер бұйымдары мен химиялық өнімдер де ұсынылды. Таныстырылған өнімдердің арасында сапалы қаптамасымен ерекшеленген, бренд ретінде қалыптасуға дайын тауарлар да, комиссия мүшелері үшін тың жаңалық болған, өңірде өндірілетін ерекше өнімдер де кездесті. Бұл жергілікті кәсіпкерлердің әлеуеті артып, өңірде өндірілетін өнім түрлерінің жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын көрсетеді.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ділмұхамед Абизов жобаның өңір кәсіпкерлері үшін маңыздылығына тоқталды.
– «Бір ауыл – бір өнім» жобасы – жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі. Бұл жоба арқылы өңірімізде өндірілетін бірегей өнімдерді анықтап қана қоймай, олардың сапасын халықаралық талаптарға сай жетілдіруге, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береміз. Біздің мақсатымыз – жергілікті өнімдердің танымал брендке айналуына жағдай жасап, кәсіпкерлердің жаңа нарықтарға шығуына жан-жақты қолдау көрсету», – деді Д. Абизов.
Бағалау нәтижесінде Бренд-комитет мүшелері жобаның келесі кезеңіне жолдама алатын 10 финалисті анықтайды. Жеңімпаз атанған 10 финалистке Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы тарапынан өз өнімдерін толыққанды өңірлік брендке айналдыру бағытында кешенді қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге шетелдік сарапшылардың тәжірибелік консультациялары мен қолдауы ұсынылып, өнімді жетілдіру және нарыққа бейімдеу бойынша кәсіби сүйемелдеу ұйымдастырылады. Сонымен қатар мемлекеттік гранттар мен қолдау бағдарламаларына қатысуға бағыт-бағдар беріліп, өтінім әзірлеуге көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, өнімді сертификаттау, тауарлық белгіні тіркеу, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу, брендтеу және нарыққа шығару бағыттарында жан-жақты қолдау көрсетіледі.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының басты мақсаты – жергілікті шикізат пен өңірдің ерекшелігін тиімді пайдалана отырып, бәсекеге қабілетті, танымал әрі экспорттық әлеуеті жоғары өнімдерді қалыптастыру. Жоба өңір кәсіпкерлерінің жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жергілікті өндірістің дамуына және ұлттық брендтердің қалыптасуына серпін береді.