«Атамекен» ҰКП мен Ресей тарапы Қазақстан бизнесінің Ресей нарығындағы жұмысына қатысты практикалық мәселелерді талқылады
«Атамекен» ҰКП алаңында ТЖАР жүйесінің жұмыс істеуі, тауарларды таңбалау және трансшекаралық электрондық сауда мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Кеңеске Ресей Федерациясының Статс-хатшысы – Қаржы министрінің орынбасары Алексей Сазанов, Қазақстанның мемлекеттік органдары – Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Көлік министрлігінің, Сауда және интеграция министрлігінің, Экономика министрлігінің, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, сондай-ақ Ресей Федерациясының бейінді мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері, таңбалау жүйелерінің операторлары және электрондық сауда нарығына қатысушылар да қатысты.
Кеңеске «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов төрағалық етті. Кездесу 17 шілдеде Ұлттық палата алаңында өткен жұмыс кездесуінің жалғасы болды. Сол кездесудің қорытындысы бойынша тараптар қазақстандық бизнестен келіп түсетін мәселелерді бірлесіп пысықтауға уағдаласқан еді.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге тауарларды күтуді растау жүйесін (ТКРЖ) рәсімдеу бойынша түсініктемелер беріліп, тауарларды жүзеге аспаған, өтеусіз және уақытша жеткізу кезінде туындайтын мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ қазақстандық селлерлер тауарларды Ресейдегі Wildberries қоймаларына жеткізген кезде, тауар өткізілгенге дейін оған меншік құқығы маркетплейске ауыспайтын жағдайларда ТКРЖ рәсімдеу тәртібі жеке қаралды.
Аталған мәселелер бойынша Ресей тарапының өкілдері түсініктемелер берді. Сонымен бірге тауарларды қазақстандық сатушылардың Ресейдегі маркетплейстердің қоймаларына өз бетінше тасымалдауына қатысты жекелеген мәселелер қосымша пысықтауды қажет ететіні де тілге тиек етілді.
Осыған байланысты Wildberries және Ozon өкілдерінің, бейінді мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен жеке жұмыс кездесуін өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның мақсаты – қажетті нормативтік өзгерістер енгізілгенге дейін қазақстандық селлерлердің жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін практикалық тетікті әзірлеу.

Таңбалау кодтарын өзара тану
Кеңесте тауарларды таңбалау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресейдің таңбалау жүйелерінің операторлары тиісті тауар топтары бойынша таңбалау кодтарын өзара тануды қамтамасыз етуге тиіс операторлар арасындағы келісімді келісу үстінде. Келісу жұмыстары аяқталғаннан кейін тараптар осы тетікті техникалық тұрғыдан іске асыруға көшуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Ресейде міндетті таңбалау енгізілген, алайда Қазақстанда әзірге қолданылмайтын жекелеген тауар топтары бойынша ресейлік таңбалау кодтарын қазақстандық оператор арқылы алу мүмкіндігі талқылануда.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер қазақстандық таңбасы бар мотор майларын ресейлік маркетплейстер арқылы өткізу және өтпелі кезеңде ресейлік таңбалау кодтарын алу тәртібі мәселелерін көтерді.
Қазақстандық селлерлер жұмысының практикалық мәселелері
Кеңес барысында бизнес өкілдері Wildberries платформасында жұмыс істеуге қатысты бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, маркетплейс қоймаларындағы өрт салдарынан жоғалған тауарлардың құнын өтеу, ТТЖ – тұрақты тиұтынушы жеңілдігін қалыптастыру тетігі, сондай-ақ ТЖАР жүйесін қолдану мәселелері талқыланды.
Талқылау қорытындысы бойынша Ресей тарапы өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер берді.
«Бизнес үшін тек түсініктеме алу ғана емес, іс жүзінде қолдануға болатын түсінікті тетік әзірлеу маңызды. Сондықтан кездесу қорытындысы бойынша жұмысты маркетплейстердің, операторлардың және бейінді мемлекеттік органдардың қатысуымен практикалық форматта жалғастыруға келістік», – деді Тимур Жаркенов.
Кездесу қорытындысына сәйкес, тараптар қосымша реттеуді талап ететін мәселелер бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты. «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер, Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары, таңбалау жүйелерінің операторлары және ресейлік маркетплейстер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді жалғастырады.
Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – қазақстандық бизнес үшін практикалық кедергілерді жою және трансшекаралық сауда мен электрондық коммерцияны жүзеге асыру үшін түсінікті жағдайлар жасау.