«Атамекен» ҰКП мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бизнесті біріктірді
Астанада «Қазақстандық тауар өндірушілерді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ компаниялар тобының сатып алуларына тарту: мәселелер, тетіктер және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара еліміздің ірі компанияларының бірінің сатып алуларындағы қазақстандық қамтуды дамытуға барлық тікелей мүдделі тараптарды бір алаңға жинады.
Талқылауға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «Атамекен» ҰКП-нің, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-нің, квазимемлекеттік сектордың, бизнес қауымдастығының, салалық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілердің өздері қатысты.
Дөңгелек үстел Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру аясында өтті. Басым бағыттардың бірі ретінде қазақстандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасасу тәжірибесін кеңейту айқындалды, бұл сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін кемінде 60% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП Сатып алуды реттеу департаменті директорының орынбасары Саят Тұржанов баяндамамен сөз сөйледі. Ол «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның сатып алуларындағы елішілік құндылық үлесі туралы деректерді, сондай-ақ 2024-2025 жылдардағы офтейк-келісімшарттарды іске асыру нәтижелерін ұсынып, қазақстандық тауар өндірушілердің қатысу динамикасын көрсетті.
Саят Тұржанов өз сөзінде қазақстандық тауар өндірушілердің Ұлттық палатаға үнемі жүгінетін мәселелерінің жинақталған тізбесін ұсынды.
Негізгі мәселелердің қатарында орындалған жұмыстар актілеріне қол қойылғаннан кейін жеткізілген өнім үшін төлем мерзімдерінің сақталмауы, сатып алулар туралы хабарландырулардың веб-порталдан тыс жариялануы, бұл өз кезегінде рәсімдердің ашықтығын төмендетеді, сондай-ақ тендер жеңімпаздарына техникалық ерекшелікте көзделмеген қосымша талаптар қойылуы аталды.

Аталған мәселелер компанияның сатып алу рәсімдері деңгейінде шешуді талап ететін жүйелі кедергілер ретінде көрсетілді.
«Квазимемлекеттік сектор мен бизнес арасындағы диалогтың тек көрсеткіштерді орындауға ғана емес, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау үшін нақты шешімдер іздеуге бағытталуы маңызды. Қазақстандық кәсіпорындардың алдында тұрған қиындықтарды ескеру қажет, өйткені бұл мәселенің стратегиялық маңызы бар», - деп атап өтті Саят Тұржанов.
Іс-шараны қорытындылай келе, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері қазақстандық тауар өндірушілердің сұрақтарына жауап бере отырып, тараптар компанияның сатып алуларындағы отандық өнім үлесін арттыруға және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.