Астанадағы HoReCa кеңесінде тамақтан улану, өрт қауіпсіздігі және дербес деректерді қорғау мәселелері талқыланды
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдардың қатысуымен «HoReCa» салалық кеңесінің отырысы өтті. Кездесуде қоғамдық тамақтану саласының жұмысына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер – дербес деректерді қорғау, өрт қауіпсіздігі және тамақтан уланудың алдын алу шаралары талқыланды.
Кездесуде дербес деректерді қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. «Cyber Bastion» тәуелсіз консалтингтік компаниясының ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы сарапшысы Тимур Ахметов HoReCa нысандарында дербес деректерді өңдеу мен қорғауға қатысты заңнама талаптарын түсіндірді.

Өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Өміржан Түкүшев баяндама жасады. Оның айтуынша, сауда және қоғамдық тамақтану нысандарының сауда үйлері, супермаркеттер және адам көп жиналатын басқа да объектілердің маңында талаптарды сақтамай орналасуы қауіп деңгейін арттырады. Оның ішінде өртке қарсы арақашықтықтардың сақталмауы да бар.

Тексеру барысында жиі кездесетін бұзушылықтардың қатарында эвакуациялық шығу жолдары мен өткелдердің бөгелуі, өрт сөндіргіштердің жарамсыз немесе қолжетімсіз болуы, электр сымдарының зақымдануы, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсуі, сондай-ақ жанғыш материалдардың электр жабдықтары мен жылыту құрылғыларының жанында сақталуы бар.
Сонымен қатар газ және жылыту жабдықтарын пайдалану талаптарының бұзылуы, өрт дабылының жарамсыздығы, эвакуациялық шығу жолдарының көрсеткіштері мен апаттық жарықтандырудың болмауы анықталады. Қызметкерлердің өрт кезіндегі әрекеттерге дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі және нұсқамалардың толық өткізілмеуі де өзекті мәселе болып отыр.
ТЖД өкілінің айтуынша, шағын павильонда электр және газ жабдықтары қатар пайдаланылып, жанғыш материалдар сақталған және эвакуациялық жолдар шектеулі болған жағдайда бірнеше қауіп факторының қатар келуі ерекше қауіп төндіреді.
Санитариялық-эпидемиологиялық ахуал туралы Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев баяндады.

Оның мәліметінше, 2026 жылдың жеті айында Қазақстан бойынша 11 топтық тамақтан улану жағдайы тіркеліп, 503 адам зардап шеккен. Олардың 148-і - балалар. Оның ішінде сегіз жағдай қоғамдық тамақтану объектілеріне қатысты болып, 481 адам, соның ішінде 134 бала зардап шеккен.
Мамандар қоғамдық тамақтану объектілерінде жиі анықталатын санитариялық талаптардың бұзылуына да тоқталды. Олардың қатарында қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі мен жеке гигиенасы талаптарының сақталмауы, қажетті құжаттар мен өндірістік бақылаудың болмауы, үй-жайлар мен жабдықтардың санитариялық жағдайына қойылатын талаптардың бұзылуы, өнімдерді сақтау, температуралық режим және тауарлық көршілік ережелерінің сақталмауы, сондай-ақ айқаспалы ластану тәуекелдері бар.
Кеңес барысында BusinessGO цифрлық платформасы да таныстырылды. Жоба әкімшісі Нұрсұлтан Алтынбековтің айтуынша, шағын және орта бизнес үшін бірнеше түрлі сервисті қатар пайдалану қажеттілігі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл әртүрлі жеке кабинеттерді қолдануға, қызметтер үшін бөлек төлем жасауға және техникалық қолдау қызметтеріне бірнеше арна арқылы жүгінуге әкеледі.

BusinessGO онлайн-касса, ОФД, тауар есебі, маркетинг және басқа да сервистерді бір платформада біріктіреді. Бұл кәсіпкерлерге негізгі цифрлық құралдарды бірыңғай кабинет арқылы пайдалануға мүмкіндік береді.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин BusinessGO жобасының «Атамекен» ҰКП тарапынан жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, платформаның шағын және орта бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер беретінін айтты.
Отырыстың қорытынды бөлімінде «HoReCa» салалық кеңесінің төрағасы Дмитрий Инютин 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы кеңес жұмысының нәтижелерін таныстырды.

Осы кезеңде кеңес мектептегі тамақтандыру, санитариялық және өрт қауіпсіздігі бойынша тексерулер, желдету жүйелеріне қойылатын талаптар, мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділік, қызмет көрсетілгені үшін ақы төлемеу жағдайларынан бизнесті қорғау, салық реформасының ықпалы және Көктал ауданының өнеркәсіптік аймағындағы инфрақұрылым мәселелері бойынша жұмыс жүргізді.
Кеңестің тағы бір бағыты - Астананы гастрономиялық және туристік орталық ретінде дамыту. Атап айтқанда, елорда кәсіпорындарының халықаралық мейрамхана рейтингтері мен гидтеріне қатысу мүмкіндіктері пысықталуда.
Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша HoReCa саласын реттеуді жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірленді. Алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтар - бизнестің құқықтарын қорғау, санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын жетілдіру, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, гастрономиялық туризмді дамыту және қалалық инфрақұрылымды жақсарту.