«Атамекен» ҰКП атом саласындағы отандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуде

17.08.2026
«Атамекен» ҰКП атом саласындағы отандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуде

«Атамекен» ҰКП, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі және Atomic Industry Development Association (AIDA) коммерциялық емес ұйымы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат атом саласын дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге және отандық кәсіпорындарды ірі инфрақұрылымдық жобаларға тартуға бағытталған. 

Меморандумға «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және Atomic Industry Development Association атқарушы директоры Бақытжан Қадырбаев қол қойды.

Шара барысында Қанат Шарлапаев Меморандум мемлекет, бизнес және кәсіби қауымдастықты біріктіретін тиімді сараптамалық алаңға айналуы тиіс екенін атап өтті.

Изображение

«Атамекен» ҰКП үшін ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – қазақстандық компаниялардың атом саласындағы жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту. Ұлттық палата мемлекет, салалық қауымдастық және кәсіпкерлер арасында жүйелі диалог орнатуға, отандық тауар өндірушілердің мүдделерін ілгерілетуге және ұлттық жеткізу тізбегін дамытуға ықпал ететін болады.

Меморандум өндірісті оқшаулау деңгейін арттыруды, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың инжинирингтік, сервистік және сараптамалық құзыреттерін нығайтуды көздейді. Шағын, орта және ірі бизнесті атом және онымен сабақтас салалардағы жобаларға тартуға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылады.

Ынтымақтастық аясында «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлік қоғамдастықтың ұсыныстарын шоғырландырып, әлеуетті отандық жеткізушілер мен өндірушілерді айқындауға ықпал етеді. Сонымен қатар қазақстандық компаниялардың салалық жобаларға қатысуы барысында туындайтын мәселелер мен кедергілерді талқылау алаңдарына шығаруға жәрдемдеседі.

Осы міндеттерді іске асыру үшін бірлескен жұмыс және сараптамалық топтар құру, бизнес өкілдерімен кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен салалық форумдар өткізу, сондай-ақ талдамалық және әдістемелік материалдармен алмасу көзделген. Бұл салалық шешімдерді әзірлеу кезінде кәсіпкерлердің практикалық тәжірибесін ескеруге мүмкіндік береді.

Ынтымақтастықтың жеке бағыты атом саласын дамыту және бизнестің тиісті жобаларға қатысуы бөлігінде заңнама мен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу болмақ. Ұлттық палата кәсіпкерлік қоғамдастықтың ұстанымын шоғырландырып, мемлекеттік органдармен және салалық ұйымдармен өзара іс-қимыл шеңберінде бизнестің ұсыныстарын білдіретін болады.

Меморандумды іске асыру қазақстандық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, отандық өндіріс пен технологиялық құзыреттерді дамытуға, сондай-ақ атом саласы үшін ұлттық жеткізу тізбегін қалыптастыруға ықпал етеді.

Алдағы уақытта Меморандум аясындағы уағдаластықтарды іске асыру «Атамекен» ҰКП жанынан атом саласы бойынша жобалық офис құруға, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін қалыптастырып, олардың салалық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін болады.

Изображение