Атырауда өндірістік кәсіпорындар проблемалық мәселелерді көтерді
Өңірге жұмыс сапарымен «Атамекен» ҰКП инвестициялар департаментінің директоры – басқарушы директор Ғалым Өзбеков келді. Сапар аясында ол өңірдегі жұмыс істеп тұрған бизнес нысандарын аралап, өндірістік үдерістермен, инвестициялық жобалармен және кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерімен танысуда.
Алғашқы күні Ғалым Өзбеков Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұхановпен бірге агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс және техникалық материалдар өндірісі салаларында жұмыс істейтін бірқатар кәсіпорынды аралады.
Сол нысандардың бірі – ЖК «Жолмұханов Б.А.» көкөніс қоймасы. Жалпы аумағы 8,2 мың шаршы метрді құрайтын заманауи кешен 28 сақтау камерасымен жабдықталған. Нысанда температура мен ылғалдылықты автоматты бақылау жүйелері, заманауи тоңазытқыш қондырғылар, желдету және микроклиматты басқару жабдықтары орнатылған.
Жобаға салынған инвестиция көлемі 5,82 млрд теңгені құрайды. Өндірістік қуаты – 15,5 мың тонна, 50 жұмыс орны құрылған. Бүгінде бұл нысан Қазақстанның Батыс өңіріндегі осындай жалғыз көкөніс қоймасы болып отыр.
Нысанды аралау барысында инвестициялық субсидиялау қағидаларын қолдану мәселесі көтерілді. Кешен басшысы Бауыржан Жолмұхановтың айтуынша, инвестициялық салымдар кезінде АӨК субъектілері шеккен шығындардың бір бөлігін өтеуге берілетін субсидияларды ұсыну талаптары мен шарттарында алшақтықтар бар. Кәсіпкер бұл мәселені орталық деңгейде қарастырып, оны шешудің бірыңғай тәсілін әзірлеуге үміт білдірді.
Сапар аясында құс етінен жартылай фабрикаттар өндіруге маманданған ЖК «Наурызованың» қызметі де таныстырылды. Жобаның құны – 800 млн теңге, өндірістік қуаты – жылына 1 мың тонна өнім. Кәсіпорында 17 жұмыс орны құрылған, ал өнім Қазақстан нарығына бағытталған.
Кәсіпкер көтерген проблемалық мәселелердің қатарында өндірістік үдерістерді ұйымдастыруда тәжірибесі бар білікті технологтардың тапшылығы, сондай-ақ шетелдік нарықтарға шығудың қиындығы мен логистиканың жоғары құны бар.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында пластмасса бұйымдарын, оның ішінде жылу оқшаулағыш материалдар мен сэндвич-панельдер өндіруге маманданған «Теплый Дом Атырау» ЖШС көпсалалы өндірістік кешені араланды.
Жобаның құны – 1,2 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 50 мың текше метрге дейін өнеркәсіптік пенополистирол және 200 мың шаршы метрге дейін шатырлық және қабырғалық сэндвич-панель өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 31 жұмыс орны құрылған.
Кәсіпорын басшысы Арман Сағдығалиев шешуді қажет ететін мәселелердің қатарында нысан аумағына орталықтандырылған кәріз желісін тарту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар кәсіпорын ішкі нарықта отандық өндірушілерді қорғаудың тиімді тетіктерінің болмауына байланысты өндірістік қуаттардың толық жүктелмеу мәселесіне тап болып отыр.
Сапар барысында Атырау геосинтетикалық материалдар зауытының құрамына кіретін «Интаго Казахстан» ЖШС, «Фибратекс» ЖШС және «Талшыктекс» ЖШС кәсіпорындарына да ерекше назар аударылды.
«Интаго Казахстан» ЖШС техникалық және өндірістік мақсаттағы геотекстиль материалдарын өндіруге маманданған. Жобаның құны – 1,365 млрд теңге, өндірістік қуаты – жылына 3,6 мың тонна геосинтетика. Кәсіпорында 36 жұмыс орны құрылған.
«Фибратекс» ЖШС штапельді талшық өндіреді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 2,1 млрд теңгені құрайды. Өндірістік қуаты – жылына 7 мың тонна геосинтетика, жұмыс орындарының саны – 67.
«Талшыктекс» ЖШС тоқылған және полипропиленді геотөсемдер өндіруге маманданған. Жобаның құны – 550 млн теңге, өндірістік қуаты – айына 400 мың шаршы метр өнім. Кәсіпорында 15 жұмыс орны құрылған.
Үш кәсіпорынға ортақ проблемалық мәселе ішкі нарықтағы бәсекелестік жағдайларға байланысты. Отандық қайта өңдеушілер сыртқы нарықтармен салыстырғанда анағұрлым қолайсыз жағдайда қалып отыр. Бұл өндірістік қуаттардың жүктелуіне және кәсіпорындардың сұраныс үшін толыққанды бәсекеге түсу мүмкіндігіне әсер етеді.
Бүгін «Атамекен» ҰКП өкілі «Гранд-Материк» және «Atyrau Oil Service» кәсіпорындарына баруды жоспарлап отыр.
«Сапардың негізгі мақсаты – жағдайды кәсіпорындардың өзінде бағалау, бизнес өкілдерін тыңдау және орталық деңгейде қолдау көрсетуді әрі қарауды қажет ететін мәселелерді анықтау. Нысандарды аралау қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген мәселелер оларды орталық деңгейде тиісті мемлекеттік органдар мен даму институттарын тарта отырып шешу мүмкіндігі тұрғысынан талданады», – деп қорытындылады «Атамекен» ҚР ҰКП инвестициялар департаментінің директоры Ғалым Өзбеков.