«Атамекен» ҰКП: отандық инжинирингті дамыту жаңа квоталарды енгізуді емес, бағалау әдістемесін нақтылауды талап етеді
Астанада «KazService» Қазақстанның мұнай-сервис компаниялары одағының Инжиниринг компаниялары кеңесінің отырысы өтті. Отырыс Мемлекет басшысының инженерлік құзыреттерді дамыту, жаңа буын инженерлерін даярлау, Қазақстанда жобалау және инжиниринг орталықтарын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында өтті. Талқылауға салалық министрліктердің, ұлттық компаниялардың, ірі мұнай-газ операторларының өкілдері, сондай-ақ жетекші отандық және халықаралық инжиниринг компаниялардың басшылары қатысты. Жалпы, отырысқа 40-тан астам ұйымның өкілдері қатысты.
Отырыстың басты тақырыбы – отандық инжинирингтің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қазақстандық компанияларды қосалқы мердігер немесе бірлескен кәсіпорын қатысушысы деңгейінен жобалау, технологиялық шешімдер әзірлеу және инженерлік сүйемелдеуді ел ішінде жүзеге асыра отырып, күрделі инженерлік жобаларды өз бетінше жүзеге асыратын деңгейге шығару.
Отырыс барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Палатаның отандық инжинирингті жергіліктендіру және дамыту басымдықтарына қатысты ұстанымын таныстырып, саланы қолдауға бағытталған кешенді шараларды ұсынды.
«Бірлескен кәсіпорынға қатысу, жұмыстың нақты орындалу орны және инженерлік авторлық – бұл үш түрлі ұғым. Біздің өлшеу жүйеміз оларды ажырата алмайды», - деп мәлімдеді Қанат Шарлапаев өз баяндамасында. Ол қатысушылардың назарын қолданыстағы бағалау жүйесіндегі осы қарама-қайшылыққа аударды.

Еліміздегі ең ірі жобалар бойынша жобалау жұмыстарын бірлескен кәсіпорындар жүзеге асырады. Бұл ретте жобалық инжинирингтің негізгі көлемі қазақстандық инженерлік орталықтардың қолдауымен шетелдік кеңселерде орындалады. «Атамекен» ҰКП елішілік құндылықты есептеудің бірыңғай әдістемесін жобаны іске асыру кезеңдерін ескере отырып, инжинирингтік қызметтер бойынша бөліммен толықтыруды және адам-сағат туралы ақпаратты, яғни нақты қанша сағат, қандай бағыт бойынша және қай жерде жұмыс атқарылғанын көрсетуді ұсынады.
Сонымен қатар, Палатаның Төралқа Төрағасы отандық компанияларға кезігетін бірқатар кедергілерді атап өтті. Олардың қатарында – стандарттардың қосарланған тәртібі: жер қойнауын пайдаланушылар жобаларды халықаралық API, ASME және ISO стандарттары бойынша әзірлейді, ал мемлекеттік сараптама ҚР құрылыс нормаларына сәйкес құжаттаманы талап етеді. Нәтижесінде жобаны іс жүзінде екі рет орындауға тура келеді. Тағы бір кедергі – тәжірибені растауға байланысты туындайтын тұйық шеңбер. Яғни компания референциясы болмағаны үшін тендерге жіберілмейді, ал тендерге жіберілмейінше, қажетті референцияларды ала алмайды. Оның пікірінше, бұл мәселенің шешімі қарапайым және шығынды талап етпейді. Атап айтқанда, бас жобалаушыны қосалқы мердігерге орындалған жұмыстар туралы ресми пікір беруге міндеттеу қажет.

Қанат Шарлапаев қолдау шаралары компаниялардың меншік құрылымына емес, олардың құзыреттеріне негізделуі және отандық компанияларға да, халықаралық қатысушылары бар бірлескен кәсіпорындарға да бірдей қолжетімді болуы керектігін атап өтті. Оның пікірінше, қазақстандық компаниялардың тіл білуі, стандарттарды меңгеруі және реттеушілік практиканы білуі сынды табиғи бәсекелестік артықшылықтарын қолданып өңірлік нарықтарға шықпайынша, саланың тұрақты дамуы мүмкін емес.
Сөзінің қорытындысында Палата басшысы отандық, халықаралық және бірлескен инжинирингтік компаниялардың қатысуымен бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды. Жұмыс тобы нақты нәтижелер дайындауы тиіс. Атап айтқанда, 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған саланың инжинирингтік сұранысының картасын әзірлеу, елішілік құндылықты есептеудің бірыңғай әдістемесін инжинирингтік қызметтерге арналған бөліммен толықтыру жөнінде ұсыныстар дайындау, қосалқы мердігер ұйымның орындалған жұмыстар туралы пікірінің үлгілік нысанын әзірлеу, сондай-ақ отандық инжинирингті дамытуға бағытталған өзге де бастамаларды қарастыру көзделіп отыр. «Атамекен» ҰКП осы жұмысты үйлестіруге дайын екенін білдірді.

Отырыста бизнес тарапынан жеке пікір білдіргендердің бірі – “Қазгипронефтетранс” Инжиниринг компаниясы» ЖШС Бас директоры Александра Бекишева болды. Ол зияткерлік қосылған құнның ел ішінде қалуы үшін тұтынушылық үлгіден меншікті инженерлік құзыреттерді қалыптастыруға көшу қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, саланың түпкі мақсаты – күрделі жобаларды өз бетінше жүзеге асыра алатын қазақстандық инженерлердің жаңа буынын қалыптастыру, сондай-ақ мұндай жобаларды қазірдің өзінде іске асырып жүрген мамандарды қолдау. Өз баяндамасында ол отандық инженерлердің еңбек өнімділігі халықаралық деңгейден кем түспейтінін атап өтіп, ҚГНТ-ның Қанат Шарлапаев ұсынған жұмыс тобының құрамына кіруге дайын екенін мәлімдеді.

«Бүгінгі талқылау бізге бір маңызды жайтты көрсетті. Қазақстанда мұнай-сервистік саланың көптеген сегменттері қалыптасты. Келесі кезең – осы тәжірибені жоғары технологиялық және зияткерлік қызметтерге айналдыру. Инжиниринг – дәл сондай бағыттардың бірі. Біздің мақсатымыз – қазақстандық компаниялардың ірі жобаларда жай ғана бірлескен орындаушы болып қалмай, жобалау жұмыстарын жүзеге асыра алатын, технологиялық шешімдер ұсына алатын және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті инженерлік серіктестерге айналуы», - деп отырысты қорытындылады «KazService» мұнай-сервистік компаниялар одағы Президиумының Төрағасы Рашид Жақсылықов.

Ол қатысушыларға белсенді талқылау болғаны үшін алғыс айтып, отырыста айтылған ұсыныстардың нақты іс-қимыл жоспарының негізіне айналатынына сенім білдірді.