Палатада кәсіпкерлердің жеке қабылдауы өтті
Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Абдухат Мырзалин кәсіпкерлерді жеке қабылдады.
Кездесу бизнес өкілдерімен тікелей диалог форматында өтті. Кәсіпкерлер өз қызметін жүзеге асыруға, мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылға қатысты мәселелерді жеке жеткізіп, өз өтініштерін одан әрі қарау мүмкіндігіне ие болды.
Кәсіпкерлердің бірі – Нұрлан Қоблашев Шалқар ауданынан онлайн форматта қабылдауға қатысты. Кездесу барысында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – табиғи газ құнының өсуі болды. Нұрлан Қоблашев табиғи газдың 1 текше метрінің бағасы 2025 жылғы маусымдағы 18 теңгеден 2026 жылғы тамызда 53,83 теңгеге дейін айтарлықтай өскеніне назар аударды. Кәсіпкер газ құнының өсуі бизнес қызметіне кері әсер етуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.
Сондай-ақ қабылдауға онлайн форматта Қанай Ермұхамбетовтің өкілі жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау мәселесі бойынша жүгінді. Кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында аталған мәселені қарау қажеттігін атап өтті.

Тағы үш кәсіпкер офлайн форматта қабылданды.
ЖШС директоры Ибрагим Утарбаев Ақтөбе облысының Полиция департаменті қызметкерлерінің түнгі клубты мөрлеуге және оның қызметін іс жүзінде тоқтатуға байланысты әрекеттері бойынша жүгінді. Өз өтінішінде кәсіпкер қабылданған шаралардың заңдылығына қатысты мәселе көтерді. Нысанның жұмыс істемей тұрған әрбір күні кәсіпкерлік субъектісіне шығын келтіруде.

Өз кезегінде Әлішер Сағатов «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің вагондарды ұстап қалуына және «жасырын транзит» фактісін тағуына байланысты әрекеттері бойынша жүгінді. Кәсіпкер аталған әрекеттерді заңсыз әрі негізсіз деп санайды.
Кәсіпкерлердің барлық өтініштері жұмысқа алынды. Әрбір мәселе бойынша Кеңестің құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен тиісті қарау жүргізіледі.
«Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – Палата жұмысының басым бағыттарының бірі. Жеке қабылдаулар бизнес өкілдері тап болатын жүйелі мәселелерді жедел анықтауға және мемлекеттік органдармен бірлесіп оларды шешу жолдарын іздеуге мүмкіндік береді. Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнестің мүддесін қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді», – деді Кеңес төрағасы Абдухат Мырзалин.
