«Атамекен» ҰКП Алматыда бөлшек сауда бизнесіне арналған BusinessGO бірыңғай сервистер экожүйесін таныстырды
Алматыда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бөлшек бизнеске қажетті негізгі құралдарды – онлайн-касса, фискалдық деректер операторы, тауарлық есеп, маркетинг, аналитика және бірқатар қосымша сервисті бір кабинетте біріктіретін BusinessGO цифрлық экожүйесін таныстырды.
Жаңа шешімнің мүмкіндіктерін ШОБ өкілдерімен және ірі дистрибьюторлармен «Атамекен» ҰКП Аппарат басшысы Нұрбек Нәлқожа бастаған Палатаның орталық аппаратының командасы талқылады. Екі кездесу де Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасында өтті. Кездесулерге Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов модераторлық етті.
Мұндай диалог үшін Алматының таңдалуы кездейсоқ емес. Сауда, қызмет көрсету саласы және шағын және орта кәсіпкерлік шоғырланған еліміздің ең ірі іскерлік орталығы – жаңа құралдарға деген сұранысты нарықтың нақты қажеттіліктері арқылы бағалауға мүмкіндік беретін орта.
Кездесулерді ашқан Нұрбек Нәлқожа жобаның негізгі міндеттеріне тоқталып, оның дамуын кәсіпкерлікті цифрландырудың жалпы күн тәртібімен байланыстырды.

«Мемлекет басшысының цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында біз шағын кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған BusinessGO жобасын іске асырып жатырмыз. Оның құралдары есеп жүргізуді автоматтандыруға, фискалдық деректермен жұмысты жетілдіруге және бизнеске клиенттік базасын кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер беруге көмектеседі. Жоба шамамен бір жарым айдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде оған 800-ден астам кәсіпкер қосылды. Біз олардан оң пікір алып жатырмыз және платформаны одан әрі дамыту мәселелерін бизнеспен тікелей талқылауды аса маңызды деп санаймыз», – деді Нұрбек Нәлқожа.
BusinessGO мүмкіндіктерін алғашқылардың бірі болып шағын және орта бизнес өкілдері, әлеуметтік желілерде белсенді кәсіпкерлер, бизнес-блогерлер мен пікір көшбасшылары талқылады.
Жобаның үйлестірушісі Шынболат Құрмашев платформаның мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі таныстырды. Оның айтуынша, BusinessGO-дың басты ерекшелігі бір платформада жинақталған құралдардың санында ғана емес, олардың өзара интеграциялануында.

«BusinessGO – бөлшек сауда, шағын және орта бизнес үшін арнайы әзірленген ашық платформа. Мұнда жинақталған сервистердің өзара интеграцияланып, бір-бірімен байланыста жұмыс істеуі маңызды. Бұл кәсіпкерге күнделікті процестерді автоматтандырып қана қоймай, клиенттерді тарту және ұстап қалу, таңбаланған тауарлармен жұмыс істеу және қосымша сату арналарын дамыту үшін цифрлық құралдарды пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Шынболат Құрмашев.
BusinessGO негізінде «бір терезе» қағидаты жатыр. Әртүрлі жеткізушілердің бірнеше жүйесін пайдалану, әрқайсысына жеке төлем жасау және түрлі техникалық қолдау қызметтеріне жүгіну орнына, қажетті құралдардың барлығы бір экожүйеге біріктірілген. Бүгінде оның құрамына GreenKassa онлайн-кассасы, AOFD фискалдық деректер операторы, GreenMag тауарлық есеп жүйесі, Amian business маркетингтік құралы, GreenScan акциздік маркаларды тексеру сервисі, Tax Free, Findex аналитикалық сервисі, салық төлеушінің паспорты және дәмханалар мен мейрамханаларға арналған Dastarkhan QR QR-мәзірі кіреді.
Сервистер кассамен және фискалдық деректермен жұмыс істеуге, тауар есебін жүргізуге, сатылымды талдауға және ілгерілету құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Tax Free сауда бизнесіне шетелдік туристермен жұмыс істеу үшін қосымша мүмкіндіктер ұсынса, Dastarkhan QR қоғамдық тамақтану орындарына мәзірді және қонақтармен өзара іс-қимылдың бір бөлігін цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.
Жобаның маңызды артықшылықтарының бірі – оның құны. BusinessGO әзірлеушілерінің мәліметінше, сервистер кешені 12 айға 15 мың теңгеге ұсынылады. Олардың пайымынша, пайдаланылатын құралдар мен компанияның ауқымына байланысты ұқсас шешімдерді жеке-жеке қосумен салыстырғанда жылдық үнем бір миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Жобаның таныстырылымы көп ұзамай нақты әрі мазмұнды пікірталасқа ұласты. Кәсіпкерлерді BusinessGO-ды қолданыстағы жүйелермен интеграциялау мүмкіндігі, бірнеше сауда нүктесімен және таңбаланған тауарлармен жұмыс істеу, жекелеген сервистерді қосу, техникалық қолдау және аналитика мәселелері қызықтырды. Қойылған сұрақтардың сипаты қатысушылардың платформаны ең алдымен күнделікті жұмыста практикалық қолдану тұрғысынан бағалағанын көрсетті.
Ірі дистрибьюторлық компаниялардың өкілдерімен жеке кездесу өтті. Мұнда BusinessGO дистрибьютордың бөлшек сауда нүктелерімен және клиенттермен өзара іс-қимыл құралы ретінде қарастырылды. Талқылау барысында ынтымақтастық мүмкіндіктеріне, нарық қажеттіліктеріне және платформаны тауар өткізу тізбегінде пайдаланудың ықтимал сценарийлеріне баса назар аударылды.
Екі кездесудің форматы BusinessGO мүмкіндіктерін әр қырынан бағалауға мүмкіндік берді: күнделікті жұмыстың қарапайымдылығы, құны мен қолайлылығына мән беретін кәсіпкердің көзімен және бөлшек саудамен тиімді өзара іс-қимылға мүдделі дистрибьютор тұрғысынан. Қатысушылардың белсенді қызығушылығы мен талқылаудың нақты мәселелерге бағытталуы практикалық цифрлық шешімдерге сұраныстың бар екенін көрсетті әрі әзірлеушілерге жобаны одан әрі жетілдіру үшін қосымша кері байланыс берді.
BusinessGO-ға қосылу бірнеше кезеңнен тұрады. Тіркелгеннен кейін пайдаланушы өзіне қажетті сервистерді таңдайды және кейін қажеттілігіне қарай жаңаларын қоса алады. Қосымша ақпарат алу үшін 1432 бірыңғай call-орталығына хабарласуға болады.