Сырақты таңбалау: өндірушілер мен бөлшек сауда үшін не өзгереді

19.08.2026
Сырақты таңбалау: өндірушілер мен бөлшек сауда үшін не өзгереді

«Бизнес және салықтар» жобасының кезекті кездесуі сыра мен сыра сусындарын міндетті таңбалау мәселесіне арналды. ШҚО бойынша МКД акциздерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Роза Улыкпанова кәсіпкерлерге таңбалауды енгізу мерзімдері және өндірушілерге, импорттаушыларға, бөлшек саудаға қойылатын талаптар туралы айтып берді.

Таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі: 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап — кегтердегі сыраға, 1 қыркүйектен бастап — бөтелкедегі өнімдерге, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — банкідегі сыраға қолданылады. Соңғы кезең тауарларды толық қадағалауға көшуді көздейді.

«Таңбалау бизнес жаңа талаптарға дайындалуы үшін кезең-кезеңімен енгізіліп отыр. Әр кезеңде цифрлық кодқа (таңбалауға) ие болуы тиіс өнімдер тізімі кеңейеді, ал 2027 жылдан бастап жүйе тауардың қозғалысын толық қадағалауды қамтамасыз етуі тиіс», — деп түсіндірді Роза Улыкпанова.

Өндірушілер мен импорттаушылар таңбалау жүйесінде тіркеліп, өнім туралы мәліметтерді енгізуі, Data Matrix кодтарын алуға тапсырыс беруі, оларды қаптамаға, ыдысқа жапсырып, есеп қалыптастыруы қажет.

Бөлшек сауда үшін талаптар жеңілірек. Бейімделу кезеңінде жеткізушіден таңбаланған сыраны қабылдау кезінде таңбалау жүйесінде тауарды беру туралы жеке электрондық растау талап етілмейді. Тауарды сатып алушыға сатқан кезде Data Matrix кодын сканерлеу қажет. Осыдан кейін ақпарат жүйеге жіберіліп, тауар айналымнан шығарылады.

Сонымен қатар сыраны таңбалау жүйесі бизнес үшін түбегейлі жаңа нәрсе емес. Сарапшының айтуынша, ол қазір қолданыстағы темекі өнімдерін таңбалау жүйесіне ұқсас құрылған. Сондықтан таңбаланған темекі өнімдерімен жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін негізгі қағидалар таныс болады. Бұған дейін белгісіз немесе аса күрделі жаңа рәсімдер туындамауы тиіс.

«Кәсіпкерлер заңнамада не өзгеретінін ғана емес, өз жұмысында қандай нақты әрекеттер жасауы керектігін де түсінуі маңызды. Әсіресе өндіруші, жеткізуші және бөлшек сауда өкілі арасындағы міндеттерді нақты ажырату қажет», — деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова.