Бизнес үшін қолайлы шешім: сараптаманы қайта жүргізудің тәртібі нақтыланды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, бірдей тауарларға қатысты кедендік сараптаманы қайта тағайындау мәселесін пысықтады.
Ұлттық палатаға сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан бір тауардың бұған дейін кедендік сараптамадан өткеніне қарамастан, кейіннен қайта сараптама тағайындалатын жағдайларға қатысты шағымдар келіп түскен. Сараптама нәтижесінде мәлімделген деректер, оның ішінде СЭҚ ТН коды расталып, ешқандай бұзушылық анықталмаған. Алайда дәл осындай тауарды кейіннен декларациялау кезінде сол тәуекел бейіні қайта іске қосылып, қайтадан сараптама тағайындалған.
Бизнес үшін бұл рәсімдеу мерзімінің ұзаруына, зерттеу жүргізу үшін қосымша шығындарға, көліктің тұралап қалуына және сыртқы сауда келісімшарттарын орындау мерзімдерінің бұзылу тәуекеліне әкелетін.
Егер алынған үлгілерді зерттеу үшін басқа өңірде орналасқан зертханаға жіберу қажет болса, қосымша уақыт талап етіледі.
Шешімін тапқан мәселе
Ұлттық палатамен жүргізілген жұмыс нәтижесінде МКК бір тәуекел бейінінің қайта іске қосылуы кезінде қолданылатын тәртіпті түсіндірді.
Төмендегі шарттардың барлығы бір мезгілде сақталған жағдайда, қайталама кедендік сараптама тағайындалмайды:
· декларацияланатын және бұрын әкелінген немесе әкетілген тауарлар бірдей болса;
· тауарлар бір сыртқы экономикалық шарт шеңберінде өткізіледі және мәміле талаптары өзгермеген болса;
· бұған дейін осы тауарларға қатысты кедендік сараптама жүргізілген жағдайда;
· сараптама нәтижесінде тәуекел расталмаған, оның ішінде декларант мәлімдеген СЭҚ ТН коды расталған болса;
· кейінгі тауарларға қатысты декларация сол кеден органына берілген жағдайда.
Осылайша, барлық шарттар сақталған жағдайда, бұрын жүргізілген сараптаманың нәтижелері бірдей тауарларды кейіннен декларациялау кезінде ескерілуге тиіс.
Бұл алдыңғы тексеру барысында бұзушылықтар анықталмаған жағдайда, бірдей тауарды әрбір келесі әкелу немесе әкету кезінде сараптаманы қайта тағайындауға жол бермейді.
Сондай-ақ, МКК тәуекелдерді басқару жүйесі аясында қолданыстағы тәуекел бейіндеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, олардың өзектілігі мен тиімділігі бағаланатынын мәлімдеді.
Рәсімдеу мерзімін қысқартудың тағы бір жолы
Заңнамада көзделген тағы бір тетік тауарды кедендік сараптама нәтижелері алынғанға дейін шығаруға мүмкіндік береді.
Егер сараптама тауар туралы мәліметтерді тексеру мақсатында тағайындалса, кәсіпкер кедендік баждар мен салықтарды төлеу жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ете алады. Қамтамасыз ету ұсынылғаннан кейін тауарды сараптама аяқталғанға дейін шығаруға болады.
Қамтамасыз ету ақшалай қаражат, банк кепілдігі, кепілгерлік, мүлікті кепілге қою немесе сақтандыру шарты түрінде ұсынылуы мүмкін.
Бұл ретте сараптама тыйымдар мен шектеулерді бұзу белгілеріне байланысты жүргізілген жағдайда, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда аталған тетік қолданылмайды.
Кедендік рәсімдеуді жетілдіру бағытындағы жұмыс жалғасуда
МКК берген түсіндірмесі жекелеген мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді, алайда Ұлттық палата кедендік сараптаманы тағайындау және жүргізу тетігін одан әрі жетілдіру қажет деп санайды.
Атап айтқанда, зерттеулерді жүргізу мерзімдері мен тәртібін оңтайландыру, сондай-ақ аккредиттелген зертханаларды олардың мамандану бағыты мен аумақтық қолжетімділігін ескере отырып тарту мүмкіндіктерін кеңейту қажет.
Осыған байланысты Ұлттық палата ЕАЭО Кеден кодексіне және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Бизнесті осы жұмысқа қатысуға шақырамыз
Егер сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың кедендік сараптаманы тағайындау және жүргізу тәртібін жетілдіру, қолданыстағы әкімшілік кедергілерді жою немесе зерттеу жүргізу мерзімдерін қысқарту бойынша ұсыныстары болса, оларды Ұлттық палатаға ЕАЭО Кеден кодексіне және ҚР «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар түрінде жолдауға болады.
Келіп түскен барлық ұсыныстарды Ұлттық палата жан-жақты зерделеп, қажет болған жағдайда заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмысқа енгізеді.
Бизнеспен бірлескен жұмыс кедендік сараптама жүргізу қағидаларын барынша түсінікті әрі болжамды етуге, бақылау іс-шараларының негізсіз қайталануын болдырмауға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың әкімшілік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.