АӨК-ті қаржыландыру: «Атамекенде» агробизнес үшін қолжетімділікті арттыру жолдары талқыланды

19.08.2026
АӨК-ті қаржыландыру: «Атамекенде» агробизнес үшін қолжетімділікті арттыру жолдары талқыланды

«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен Комитетінің отырысында аграрлық секторды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Жиынға Ұлттық палатаның Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев арнайы қатысты.

Өз сөзінде Палата басшысы бүгінде тауарлы өндірісті дамытуға басымдық беріліп отырғанын және бұл тәсіл алғашқы оң нәтижелерін көрсетіп жатқанын атап өтті.

Изображение

«Еңбек өнімділігі неғұрлым жоғары болған сайын, өндірістің өзіндік құны соғұрлым төмен болады. Бұл өз кезегінде өнімдеріміздің ішкі және халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деді Қанат Шарлапаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын дамыту шағын және орта өндірушілер үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етуі тиіс.

«Ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары шағын және орта өндірушілер үшін өнімді өткізудің өзіндік арнасына айналуы тиіс. Олардың нарықтарға, қайта өңдеуге және өнімді өткізудің тұрақты арналарына қол жеткізуіне жағдай жасау қажет», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Отырысқа қатысушылар салықтық реттеудің негізгі мәселелерін, кредит беруді цифрландыруды, мал шаруашылығын дамыту бағдарламаларын және жеңілдікті лизингтің қолжетімділігін талқылады.

 

АӨК-тегі салықтық реттеу мәселелері

 

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе уәкілетті мемлекеттік органдардың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін ҚҚС бойынша қосымша есепке жатқызу тәртібін кезең-кезеңімен өзгерту жөніндегі бастамасын талқылауға арналды.

Отырысқа қатысушылар қолданыстағы тетік шағын шаруашылықтардан және ҚҚС төлеуші болып табылмайтын субъектілерден шикізат сатып алу кезінде туындайтын салықтық жүктемедегі теңгерімсіздіктерді реттеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Субсидиялаудан жеңілдетілген кредиттеуге жоспарланып отырған көшу және көлік шығындарының өсуін ескере отырып, сарапшылар өнімнің өзіндік құнының артуы, оның импорттық өнім алдындағы бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуі және отандық ШОБ-тан шикізат сатып алу көлемінің қысқаруы тәуекелдеріне назар аударды. Осыған байланысты олар ҚҚС бойынша қолданыстағы қосымша есепке жатқызу тетігін сақтауды ұсынды.

Изображение

Несие беруді цифрландыру және «бір терезе» қағидаты

 

Қатысушылар Аграрлық кредиттік корпорациядағы (АКК) қолданыстағы несие беру рәсімдерін оңтайландыру қажет екенін атап өтті. Қарыз алушылар құжаттарды бірнеше рет жинауға мәжбүр, ал өтінімдерді қарау мерзімі 5-6 айға дейін созылады.

Бұл мәселелерді шешу үшін несие беруді толық цифрландыруды (онлайн өтінім беру, мемлекеттік жүйелермен интеграция), «бір терезе» қағидатын, өтінім мәртебесін бақылауға мүмкіндік беретін қарыз алушының жеке кабинетін енгізу, сондай-ақ, инвестициялық жобаларды екі кезеңде қарастыру және холдингтерді бірыңғай құрылым ретінде есепке алуды қамтамасыз ету ұсынылды.

Изображение

Мал шаруашылығын кредиттеу бағдарламаларын жетілдіру

 

Бизнес өкілдері «Ігілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламаларындағы малдың ең төменгі бас санына қойылатын талаптарды қайта қарауды және саралауды ұсынды. Себебі қатаң критерийлер ШОБ-тың бағдарламаларға қол жеткізуін шектеп, өңірлердің ерекшеліктері мен жемшөп базасын ескермейді.

Сонымен қатар, отандық және импорттық асыл тұқымды малды сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай операторды айқындау, кредиттік серіктестіктерді АКК арқылы уақтылы қаржыландыру, «Жайлау» бағдарламасында асыл тұқымды репродукторлар құру бағытын қарастыру ұсынылды.

Изображение

Жеңілдікті лизингке қолжетімділікті кеңейту

 

Ауыл шаруашылығы техникасына сұраныстың жоғары екенін ескере отырып (2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 311,5 млрд теңгеге өтінім түскен, ал «ҚазАгроҚаржы» компаниясының жылдық жоспары 304 млрд теңгені құрайды), нарықтағы бәсекелестікті дамыту ұсынылды.

Осы мақсатта сарапшылар жеке лизингтік компанияларды «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тарапынан қаржыландыруды, оларға мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік беруді және №436 қағидаларының талаптарын жеңілдетуді ұсынды. Атап айтқанда, қаржы институтының кредиттік рейтингі бойынша белгіленген шекті («B» деңгейінен «B-» деңгейіне дейін) төмендету немесе алып тастау ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен Комитетінің  төрағасы Ержан Нұрбаев аграрлық секторды мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігін жеткізді.

Изображение

Отырысқа қатысушылар несие беруді цифрландыру және оның мерзімдерін қысқарту, өтінімдерді қарау үдерісінің ашықтығын арттыру, шағын және орта шаруашылықтардың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, сондай-ақ, жеңілдікті лизинг нарығында бәсекелестік жағдайлар қалыптастыруды негізгі бағыттар ретінде белгіледі.

Жиын барысында айтылған барлық ұсыныстар мен көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, уәкілетті мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының және мүдделі ұйымдардың қарауына әрі қарай пысықтау үшін жолданады. Мүдделі тараптармен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға бағытталған нақты шешімдерді әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіледі.