Бизнес пен мемлекет әлеуметтік бейімделуді қажет ететін азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін талқылады
Астанада қоғамға қайта бейімделу үшін қолдауды қажет ететін азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелері талқыланды.
Кездесу «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы, Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдардың қатысуымен өтті.
Кездесуде пробация қызметінің есебінде тұрған, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, әкімшілік қадағалаудағы, сондай-ақ рақымшылық жасау туралы актіге сәйкес босатылатын азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аударылды.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин азаматтарды ресми жұмыспен қамтудың олардың қоғамға бейімделуі мен қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесу барысында аталған санаттағы азаматтарды жұмысқа қабылдауға дайын жұмыс берушілер қатарын кеңейту қажеттілігі талқыланды. Сонымен қатар жұмыс берушілер тарапынан жатақхана, қызметтік тұрғын үй немесе уақытша тұруға мүмкіндік беретін басқа да жағдайлар ұсыну мәселесі қаралды.
Сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында өндіріс орындарын ашуға кәсіпкерлерді тарту мүмкіндігі сөз болды. Бұл сотталғандар үшін қосымша жұмыс орындарын құруға және олардың жұмыспен қамтылуын арттыруға мүмкіндік береді.
Басқарма басшысының орынбасары Қуандық Құрмашев әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды. Қазіргі таңда Астанада әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне 267 кәсіпкерлік субъектісі енгізілген. Бұл еліміздегі жалпы көрсеткіштің шамамен 15%-ын құрайды. Әлеуметтік кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, 5 млн теңгеге дейінгі гранттар, мемлекеттік мүлікті жеңілдікпен жалға алу, сондай-ақ ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетіледі.

Талқылауға Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар, Astana Invest басқарма төрағасының орынбасары Сабит Мухамеджанұлы және Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жұмыс берушілерді тарту, азаматтарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және олардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.