ISO стандарттары және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту: «Атамекен» ҰКП ет саласын дамытудың басымдықтарын белгіледі
Астанада ISO/ТC 34/ПК 6 «Ет, құс, балық, жұмыртқа және олардан жасалған өнімдер» 28-ші пленарлық отырысы аясында ет өнімдерінің сапасы мәселелеріне арналған форум өтті.
Іс-шараға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, бейінді комитеттер мен мемлекеттік даму институттарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық стандарттау ұйымдарының сарапшылары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты.
Форум барысында қатысушылар халықаралық стандарттау және ет өнімдерінің сапасы мәселелерін, сондай-ақ одан кейінгі ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Атқарылып жатқан жұмыстың халықаралық қоғамдастық үшін, оның ішінде Қазақстан мен Қытай үшін маңыздылығы атап өтілді.
Форумда сөз сөйлеген «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов тәсілдерді одан әрі жетілдіру және кәсіпорындардың тұрақты дамуы үшін жағдай жасау қажеттілігін баса айтты.
«Бүгінде ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі мәселелері тұтынушыларды қорғау тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге бизнесті дамыту, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және саланың экспорттық әлеуетін кеңейту тұрғысынан да барған сайын үлкен маңызға ие болып отыр. Бизнес үшін қауіпсіздік – бұл тек белгіленген талаптарға сәйкестік қана емес, сонымен бірге өндірістің тұрақтылығы, өнімді сыртқы базарларға жылжыту мүмкіндігі», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.
Кәсіпкерлік қоғамдастықтың ұстанымын айшықтай отырып, Ұлттық палата Басқарма төрағасының орынбасары саланы дамыту және халықаралық деңгейде бизнестің мүдделерін қорғау үшін қажетті басты бастамаларды атап өтті:
Зертханалық зерттеулердің салыстырмалылығы: дауларды және өнім айналымын заңсыз шектеуді болдырмау үшін сынамаларды іріктеу мен сынаудың бірыңғай әдістерін енгізу.
Мақсатты экспорттық нарықтардың талаптарын ескеру: әзірленетін халықаралық ISO стандарттарын негізгі импорттаушы елдердің, соның ішінде ҚХР, БАӘ, Еуропалық одақ елдерінің және басқа да мемлекеттердің талаптарымен әрі ұлттық стандарттарымен келісу.
Кәсіпкерлердің тікелей қатысуы: халықаралық деңгейде ISO стандарттарын талқылау мен әзірлеуге бизнестің қатысуы бойынша отандық табысты тәжірибені пайдалану.
Күн тәртібінің болжамдылығы: кәсіпорындарды Шағын комитеттің жаңа халықаралық стандарттарды әзірлеу және қолданыстағыларын өзектендіру жоспарлары туралы ерте хабардар ету.


Тимур Жаркенов бизнес үшін халықаралық стандарттаудың кәсіпорындардың практикалық қажеттіліктерін ескергені және өнім қауіпсіздігін бағалауға түсінікті, салыстырмалы әрі қолданбалы тәсілдерді қалыптастыруға ықпал еткені маңызды екенін атап өтті. Кәсіпкерлердің бұл жұмысқа белсенді қатысуы халықаралық стандарттарды болуынша практикалық етуге және олардың Қазақстанның ет саласын дамытуға нақты үлес қосуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


«Атамекен» ҰКП сонымен қатар кәсіпкерлік қоғамдастықпен өзара іс-қимылға ықпал етуге және халықаралық стандарттау бойынша одан арғы жұмыс шеңберінде бизнестің шоғырландырылған ұстанымын білдіруге дайын екенін растады.