Бразилиялық Tramontina компаниясы Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейтуді жоспарлап отыр

20.08.2026
Бразилиялық Tramontina компаниясы Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейтуді жоспарлап отыр

Астанада халықаралық компанияның Қазақстандағы саудасын кеңейту және отандық бизнеспен ынтымақтастық орнату жоспарлары талқыланды.

Бразилиялық Tramontina компаниясы Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейтуді жоспарлап отыр. Компанияның даму перспективалары мен қазақстандық бизнеспен ынтымақтастық мүмкіндіктері Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде талқыланды.

1911 жылы құрылған Tramontina бүгінде әлемнің 120-дан астам елінде жұмыс істейді. Қазақстан нарығында компанияның өнімі, атап айтқанда, Алматы қаласында ұсынылған. Енді компания тауарлар ассортиментін кеңейтіп, сату арналарын дамытуды және маркетплейстерді қоса алғанда, цифрлық платформаларға шығуды жоспарлап отыр.

Компания алдағы уақытта үйге, асүйге және бақшаға арналған тауарлардың кең ассортиментін қазақстандық тұтынушыларға ұсынуды көздейді.

Кездесуде Tramontina мен қазақстандық компаниялар арасындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттары да сөз болды. Компанияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту отандық бизнес үшін сауда, дистрибуция, логистика және электрондық коммерция салаларында жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін.

Изображение

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин Қазақстанда инвесторларға бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін бірқатар қолдау тетіктері қарастырылғанын атап өтті.

Изображение

«Салықтық преференциялар мен жеңілдетілген қаржыландыру құралдарынан бөлек, инвесторларға жер учаскелерін беру түріндегі заттай гранттар ұсынылады. Сондай-ақ мемлекеттік қаржыландыруға ие ірі жобалар аясында оффтейк-келісімшарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізілуде. Астанада екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді», - деді Қанат Әлин.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі ынтымақтастық орнату және іскерлік байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы компанияға қазақстандық бизнеспен байланыс орнатуға және нарыққа шығу барысында туындайтын мәселелерді шешуге қолдау көрсетуге дайын.

Халықаралық компаниялардың Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейту отандық бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, сауда, логистика, дистрибуция және электрондық коммерция бағыттарының дамуына ықпал етеді.