Артық кедергілерсіз маркетплейстер. «Атамекен» ҰКП e-commerce өсімінің шарттарын белгіледі
Электрондық сауданы реттеу құралдары бизнеске жаңа нарықтарға жол ашып, тұтынушыға шығу құнын төмендетуі тиіс, қосымша кедергілер туғызбауы керек. ҚР «Атамекен» ҰКП-ның осы ұстанымын ҰКП Басқарушы директоры – Сауда департаментінің директоры Дәурен Ауталипов 20 тамызда Алматыда балалар тауарлары көрмесі аясында өткен «Маркетплейстер 2026: таңбалау, экспорт және қазақстандық бизнес үшін электрондық сауданың жаңа ережелері» практикалық сессиясында таныстырды.
Сессия мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, таңбалау операторларының, маркетплейстердің, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдерінің басын қосты. Қатысушылар бүгінгі таңда өндірушілердің, жеткізушілер мен селлерлердің жұмысына тікелей әсер ететін мәселелерді – цифрлық таңбалауды, маркетплейстер талаптарын, трансшекаралық жеткізілімдерді, салық салуды және ЕАЭО елдеріне экспорттау мүмкіндіктерін талқылады.
Дәурен Ауталипов атап өткендей, бүгінде электрондық сауда жай ғана цифрлық сервистер жиынтығы емес, толыққанды өткізу жүйесіне айналды. Сондықтан отандық өндірісті қолдау тауар шығарумен ғана шектелмеуі тиіс. Кәсіпкерге өз өнімін тұтынушыға жеткізудің түсінікті әрі қолжетімді жолын қамтамасыз ету маңызды.
«Бизнес өнімді өндірген сәтте емес, оны сатқан кезде табыс табады. Сондықтан сауда экономикалық саясаттың соңғы қосымшасы емес, оның міндетті құрамдас бөлігі болуға тиіс», – деп атап өтті ҰКП өкілі.
Қазақстан үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Сауда саласында жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың төрттен біріне жуығы және жеке кәсіпкерлердің шамамен 40%-ы еңбек етеді. Ал саланың өзі жалпы ішкі өнімнің шамамен бестен бір бөлігін қалыптастырып, экономиканың шикізаттық емес ең ірі сегменті болып отыр.
ҰКП-да e-commerce дамуын біртұтас тізбек ретінде қарастырады: түсінікті ережелер – заманауи логистика – маркетплейстерге қолжетімділік – отандық тауарларды ілгерілету – экспортқа шығу. Палатаның қатысуымен электрондық сауданы дамыту күн тәртібіне логистика, экспорт және кәсіпкерлерді оқыту мәселелері енгізілді, фулфилмент-орталықтарға арналған ұлттық стандарт қабылданды, маркетплейстерде қазақстандық брендтерді ілгерілету жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП цифрландыру кәсіпкерлер үшін жаңа шығындардың көзіне айналмауға тиіс деген ұстанымды қолдайды. Палата көлік құжаттары жүйесін іске қосуды 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін кейінге қалдыруды қолдады және «алдымен жұмыс істейтін цифрлық сервис, содан кейін ғана оны міндетті түрде қолдану» қағидатын дәйекті түрде қорғап келеді.
Сессияда трансшекаралық саудаға ерекше назар аударылды. Қазақстандық селлерлер үшін ең өзекті мәселелердің қатарында ҚҚС-ты қайталап төлеу тәуекелі, таңбалау жүйелерінің үйлесімділігі, СПОТ жүйесіндегі іркілістер және ірі маркетплейстердің талаптары бар. ҰКП қосарланған салық салу мәселесін Ресейдің қаржы органдары деңгейіне шығарды. Бұл мәселеде Палатаның ұстанымы нақты: тауарды бір рет өткізу бір ғана салық міндеттемесін білдіруге тиіс.
Сессияның практикалық нәтижесі ретінде ҚР Сауда және интеграция министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен, таңбалау операторларымен, маркетплейстермен және салалық қауымдастықтармен одан әрі пысықтау үшін бизнестің алдында тұрған кедергілер мен ұсыныстар тізбесі қалыптастырылды.
Басты міндет – e-commerce-ті нақты өсу құралына айналдыру. Бұл қазақстандық кәсіпкерлерге ел ішінде өнім сатуды жеңілдетіп, маркетплейстерге шығуға және экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.