Исатай ауданының кәсіпкерлері ауылдағы бизнесті дамытуға қатысты негізгі мәселелерді көтерді

21.08.2026
Исатай ауданының кәсіпкерлері ауылдағы бизнесті дамытуға қатысты негізгі мәселелерді көтерді

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов Исатай ауданына жұмыс сапарымен барып, аудандық Кәсіпкерлер кеңесінің көшпелі отырысын өткізді.

Кездесуге Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрберген Өтегенов, жергілікті кәсіпкерлер, сондай-ақ «Атамекен-Атырау бизнес колдау» МҚҰ директоры Гүлмира Сағиденова, Өңірлік палатаның сарапшысы әрі Исатай ауданы бойынша үйлестіруші Еркебұлан Баденов қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – аудан кәсіпкерлерімен танысу, өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылау және ауылдық жерлерде бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау.

Кездесуде көтерілген негізгі мәселелердің бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Кәсіпкерлер 2,5% мөлшерлемемен берілетін қаржыландырудың тартымды екенін атап өтіп, несие беру бағыттарын кеңейтуді, соның ішінде IT саласындағы жобаларды да қарастыруды ұсынды.

Гүлмира Сағиденованың айтуынша, биыл бағдарлама аясында компьютерлік және құмар ойындарды қоспағанда, барлық бизнес жобалар қаржыландыруға қарастырылуы мүмкін. Алайда бүгінгі күнге дейін IT саласының өкілдерінен өтінімдер түспеген. Сұраныс болған жағдайда Кәсіпкерлер палатасы осы бағытты кеңейту жөніндегі ұсынысты бағдарлама үйлестірушілерінің қарауына енгізуге дайын.

Изображение

Сонымен қатар, кәсіпкерлер кепіл мүлкі мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, аудандағы кейбір активтердің нарықтық өтімділігі төмен. Бұл қаржыландыру алу кезінде қосымша қиындықтар туғызады. Осыған байланысты бизнес өкілдері ауылдық жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып, кепілдік қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды қайта қарауды ұсынды.

Кәсіпкерлер сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасының аудандық өкілдігін қайта іске қосуды немесе ауданға тұрақты негізде кеңес беру және басқа да қажетті қызметтер көрсететін маман-менеджер бекітуді ұсынды. Кездесуге қатысушылардың айтуынша, бизнесті сүйемелдеу тек қаржыландыру іздеу кезеңінде ғана емес, кәсіпкерлік қызметті жүргізу және дамыту барысында туындайтын мәселелерді жергілікті жерде шешу үшін де қажет.

Изображение

Бұдан бөлек, отырыс барысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия беру және жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, аталған мәселелерді шешу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатпайды. Дегенмен тиісті ұсыныстар жоғары тұрған мемлекеттік органдарға жолданған.

«Мұндай кездесулер, ең алдымен, кәсіпкерлерді тікелей жергілікті жерде тыңдап, бүгінгі таңда бизнестің дамуына нақты қандай мәселелер кедергі келтіріп отырғанын түсіну үшін маңызды. Исатай ауданы кәсіпкерлерінің нақты ұсыныстары бар. Олардың қатарында «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңейту, кепілге қойылатын талаптарды жетілдіру және бизнесті тұрақты сүйемелдеуді қамтамасыз ету мәселелері бар. Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселелерді пысықтап, тиісті деңгейде ұсыныстар енгізуге дайын», – деп қорытындылады Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов.

Изображение