Не атқарылды және алда не бар: «Атамекен» ҰКП-да Отандық кәсіпкерлер кеңесі тапсырмаларының орындалу нәтижелері талқыланды

21.08.2026
Не атқарылды және алда не бар: «Атамекен» ҰКП-да Отандық кәсіпкерлер кеңесі тапсырмаларының орындалу нәтижелері талқыланды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Отандық кәсіпкерлер кеңесінің (ОКК) хаттамалық тапсырмаларының орындалуына қатысты кеңес өтті. Жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, бейінді мемлекеттік органдардың және фармацевтика саласы бизнесінің өкілдері қатысты.

Отырыста Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Премьер-министрдің 2026 жылдың 29 сәуіріндегі Фармацевтика және медициналық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында бұрын берілген тапсырмаларды орындау бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Изображение

Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, қазірдің өзінде бірқатар шара жүзеге асырылған. Атап айтқанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу кезінде «бір терезе» қағидаты енгізілді әрі дәрілік заттардың жекелеген санаттарына бағаны реттеу шаралары ырықтандырылды, сондай-ақ баға белгілеу тетіктері жетілдіріліп, мемлекеттік сатып алулар кезінде қазақстандық өнімге басымдық беру күшейтілді. Сонымен қатар, министрлік қазақстандық өндірістегі медициналық техникамен қамтамасыз ету бойынша ұзақ мерзімді шарттар жасасу тетіктерін енгізу, сынақ зертханаларының аккредиттеу саласын кеңейту, медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу саласындағы заңнаманы жетілдіру және денсаулық сақтау секторындағы салық салуды біріздендіру бағыттарында жұмыс жүргізіп жатыр.

Талқылау барысында «Атамекен» ҰКП өкілдері сараптамалық қорытындыға келіп түскен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жаңа Қағидалардың жобасына қатысты бірқатар мәселені көтерді. Ұлттық палата сарапшылары құжаттың қазіргі редакциясы Премьер-министр Олжас Бектеновтің қазақстандық тауар өндірушілерді (ҚТӨ) қолдауға бағытталған тапсырмаларын толық көлемде ескермей отырғанын анықтады.

Изображение

«Сатып алу қағидаларының ұсынылған жобасы қазіргі редакциясында Премьер-министрдің Отандық кәсіпкерлер кеңесінде берген тапсырмаларын толық көлемде көрсетіп отырған жоқ. Шартты орындау барысында бағаның тұрақтылығын сақтау және ұзақ мерзімді шарт шеңберінде шарт бағасын айқындау кезінде міндетті жеңілдіктерді алып тастау жөніндегі бизнес ұстанымдарының ескерілмеуі хаттамалық шешімдердің толықтай орындалуына кедергі келтіруі мүмкін. Біздің мақсатымыз – фармацевтика саласы өндірушілерінің ұзақ мерзімді инвестицияларын қорғау және денсаулық сақтау жүйесін сапалы отандық препараттармен ашық әрі түсінікті талаптар негізінде қамтамасыз ету», – деп атап өтті ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев.

Анықталған тәуекелдерді жою мақсатында Ұлттық палата Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар ескерту мен ұсыныс жолдады. Атап айтқанда:

  • денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жеткізу шарты орындалып жатқан кезде ҚТӨ өндіретін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шекті бағасын төмендету жағына өзгерткен жағдайда, жасалған жеткізу шартының бағасын өзгертпеу туралы бұрынғы норманы қалпына келтіру;

  • бағаны төмендетуге келіспеген немесе жеткізу шарты орындалып жатқан кезде бағаны төмендету жөніндегі келіссөздерге қатысудан бас тартқан жағдайда ҚТӨ-мен жасалған жеткізу шартын бұзу туралы талапты алып тастау;

  • Сатып алу қағидаларының 364-тармағында Бірыңғай дистрибьютордың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу сомасына қолданылатын міндетті жеңілдіктер шкаласын алып тастау. Бұл ретте, егер шартты жеңілдік ұзақ мерзімді шартта көзделген болса, ҚТӨ-ге шартты жеңілдікті ескере отырып, бағаны төмендету жөнінде ұсыныс беру құқығын сақтау.

Изображение

Кеңес қорытындысы бойынша тараптар қалған мәселелер бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен қосымша пысықтауға, сондай-ақ орындалмаған немесе қосымша жетілдіруді қажет ететін әрбір тапсырма бойынша алдағы қадамдарды айқындауға келісті.