Құрманғазы ауданының кәсіпкерлері проблемалық мәселелерді көтерді

21.08.2026
Құрманғазы ауданының кәсіпкерлері проблемалық мәселелерді көтерді

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов Құрманғазы ауданына жұмыс сапарымен барып, аудандық Кәсіпкерлер кеңесінің көшпелі отырысын өткізді.

Кездесуге қатысушылар шағын және орта бизнестің қазіргі жағдайын, мемлекеттік қолдау шараларын және кездесіп отырған өзекті мәселелерді талқылады.

2026 жылдың жеті айындағы кәсіпкерлікті дамыту көрсеткіштерімен Кәсіпкерлер палатасының Құрманғазы ауданы бойынша филиалының директоры Ануар Сабитов таныстырды. Оның айтуынша, ауданда 2 501 ШОБ субъектісі тіркелген, оның ішінде 2 391-і жұмыс істеп тұр. Шағын және орта бизнес саласында 4 237 адам жұмыспен қамтылған.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2026 жылы жалпы сомасы 93 млн теңгені құрайтын алты жобаға қаржыландыру мақұлданды. Тағы үш жоба дайындалып, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Атамекен-Атырау бизнес қолдау» МҚҰ-ның қарауына жолданды.

Сонымен қатар, аудандық Мансап орталығы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін жалпы сомасы 20,7 млн теңге болатын 12 грант берілді. Жеті ай ішінде Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына шамамен 30 жеке және заңды тұлға кеңес алу үшін жүгінген. Сондай-ақ қазіргі уақытта ауданда жалпы құны 14,9 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді.

Кездесу барысында кәсіпкерлер бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ветеринариялық қызмет көрсету, вакциналардың уақытылы жеткізілуі, вакцинациялау мерзімдерінің сақталуы және ветеринариялық карантин талаптарын нақты сақтау мәселелері сөз болды. Кәсіпкерлер ауданның туристік әлеуетін дамытуға да ерекше көңіл бөлуді ұсынды.

Изображение

Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал санаттарына мемлекет тарапынан 400 АЕК мөлшерінде берілетін гранттар талқыланды. Кәсіпкерлер белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда грант алушылардың қаражатты қайтаруға мәжбүр болатынын, бұл азаматтардың қолдау бағдарламаларына қатысуға деген қызығушылығын төмендететінін атап өтті. Осыған байланысты бағдарлама талаптарына өзгерістер енгізу қажеттігі айтылды.

Изображение

«Бүгінде Құрманғазы ауданында бірқатар перспективалы жобалар жүзеге асырылып, кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдаланып келеді. Сонымен бірге шешуді қажет ететін бірқатар жүйелі мәселелер бар. Біздің міндетіміз – жергілікті атқарушы органдармен және кәсіпкерлік қауымдастықпен бірлесіп, бизнесті дамытуға, жаңа бастамаларды іске асыруға және ауданға инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін нақты шараларды әзірлеу», – деді Нұржан Ермұханов.

Отырыс аяқталғаннан кейін Кәсіпкерлер палатасының директоры Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиевпен кездесті.

Изображение

Сондай-ақ ол «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылған екі жобаны аралады.

Алғашқы нысан – «Ясхан Фэмели» ЖК ашқан «Дурум Клуб» фаст-фуд кафесі. Кәсіпкерге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін 10 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Екінші нысан – Сайфулла Мұханов басқаратын «SAIFULLAH – PRODUCTION KOMPANY» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Жобаны жүзеге асыру үшін 27 млн теңгеден астам несие алынған. Кооператив ауданы 375 шаршы метр болатын өндірістік нысанды жалға алып отыр. Мұнда Қытайдан сатып алынған түйіршіктелген жем өндіретін желі орнатылып, толық іске қосылған. Қазіргі таңда кәсіпорын дайын өнім шығарып, 2 жұмыс орнын құрған.

Жұмыс сапары қолданыстағы жобалардың нәтижелерін бағалауға ғана емес, ауылдық жерлердегі бизнесті одан әрі дамыту үшін шешуді қажет ететін мәселелерді кәсіпкерлермен бірге талқылауға мүмкіндік берді.