«Атамекен» ҰКП-да «Денсаулық сақтау саласындағы цифрлық теңге» пилоттық жобасын іске асыру барысы талқыланды
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Денсаулық сақтау саласындағы цифрлық теңге» пилоттық жобасын іске асыруға арналған кеңес өтті. Жобаны енгізу жөніндегі жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген, заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып толыққанды цифрлық үлгіге көшу туралы тапсырмасын орындап, сондай-ақ Қордың қызметін осы жылдың соңына дейін толық цифрландыру аясында жүргізіліп жатыр. Талқылауға ҚР Қаржы министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, Ұлттық Банктің, Мемлекеттік қазынашылық комитетінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, «СК-Фармация» ЖШС-нің, екінші деңгейдегі банктердің және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Кеңеске ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев төрағалық етті.

Кеңестің басты тақырыбы – медициналық көмек, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу және оларға ақы төлеу кезінде цифрлық теңгені пайдалануға көшу, сондай-ақ жобаны енгізудің өтпелі кезеңінде мемлекет, Қор және жеткізушілер арасында жауапкершілікті бөлу мәселесі болды.
Жиында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев «Денсаулық сақтау саласындағы цифрлық теңге» пилоттық жобасын іске асыруды талқылау мемлекеттік қаржыны цифрландырудағы маңызды қадам әрі бизнес үшін жаңа тетік екенін атап өтті.
Ал, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Айдар Мекебековтің айтуынша, пилоттық жобаны іске асырудың қазіргі кезеңінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысатын жұмыс тобы құрылған. Жобаны іске асыру қағидаларын бекіту туралы Қаржы министрінің бұйрық жобасы дайындалып, Жол картасы бекітілген. Медициналық көмек, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу және оларға ақы төлеу бизнес-процестері пысықталып, пилоттық жобаның қатысушылары айқындалған. Сондай-ақ, тиісті ақпараттық жүйелерді цифрлық теңге платформасымен интеграциялау жұмысы жүргізілуде.

«Цифрлық теңге» жобасы жайында «Қазақстан Ұлттық Банкінің цифрлық даму орталығы» АҚ Басқарушы директоры Талғат Қасымбеков таныстырды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 20-дан астам пилоттық жоба іске асып, тағы шамамен 10 жоба жүзеге асу үстінде. Одан бөлек, 50-ден астам жоба іске қосуға дайындалып, платформаның мәртебесі жаңа «Банктер туралы» Заңға енгізілген түзетулер топтамасы аясында заңнамалық түрде бекітілгенін мәлімдеді.

«Ұлттық палата тарапынан біз 19 тамызда Қаржы министрлігіне ТМККК/МӘМС шеңберінде медициналық көмек көрсетуге, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға цифрлық теңге арқылы ақы төлеу тетігін енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидаларының сараптамалық қорытындысын жібердік. Негізгі ұсыныстар техникалық, қаржылық және әкімшілік тәуекелдерді бизнеске аудармай, түсінікті әрі қауіпсіз іске қосуды қамтамасыз етуге қатысты болды», - деп түйіндеді Жеңіс Тайшытаев.

Кеңес қорытындысы бойынша тараптар бизнестің ұсыныстары ескерілуінің маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға уағдаласты.