Astana Tax Forum: «Атамекен» ҰКП Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің алғашқы жұмыс нәтижелерін таныстырды
Бүгін Астанада «Салықтар, әкімшілік даулар және бизнесті қорғау» тақырыбындағы V мерейтойлық пікірталас форумы – Astana Tax Forum өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Салық кодексін қабылдаудың алғашқы нәтижелері мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау тетіктері талқыланды.
Форумға 170-тен астам қатысушы және 30-дан астам сарапшы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Әділет министрлігінің, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, судьялар, ірі компаниялардың басшылары, инвесторлар, заңгерлер және салық саласының сарапшылары қатысты.

Бірінші панельдік сессия барысында реформаның алғашқы нәтижелері мен фискалдық транзит мәселелері талқыланды. «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Салық кодексін енгізудің бірқалыпты әрі даусыз өтуін қамтамасыз ету Ұлттық палатаның басты басымдығы екенін атап өтті.
Ұлттық палата өкілінің айтуынша, Жобалық кеңсе Мемлекет басшысы мен Премьер-министрдің тапсырмаларын орындау мақсатында құрылды. Ол жаңа салық заңнамасын енгізуге байланысты бизнес алдында туындайтын мәселелерді жүйелі әрі жедел қараудың бірыңғай үйлестіру тетігіне айналды.

Оның айтуынша, бүгінде Жобалық кеңсенің 25 отырысы өткізіліп, онда кәсіпкерлер ұсыныстарының кең ауқымы қаралған.
«Жаңа Салық кодексін енгізу бизнес-қоғамдастықпен тұрақты диалог арқылы жүзеге асуы «Атамекен» үшін аса маңызды. Кәсіпкерлер жаңа ережелерді түсініп қана қоймай, туындаған мәселелер туралы жедел хабарлау мүмкіндігіне ие болуы керек. Сондықтан Жобалық кеңсе алаңының маңызы зор: мұнда бизнес ұсыныстары мемлекеттік органдармен тікелей қаралып, талқылау қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданады. Бүгінде бірқатар мәселе бойынша әкімшілік жүктемені азайтып, кәсіпкерлер үшін кедергілерді жоюға мүмкіндік беретін шешімдер табылғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер де бар. Палата бизнестің ұстанымын қалыптастырудан бастап, заңнамаға енгізілетін нақты түзетулерді сүйемелдеуге дейін жұмысты жалғастыра бермек», – деді Тимур Жаркенов.

Бизнестің қолдау тапқан ұсыныстары
Жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдеріне салық салу мәселесі бойынша қабылданған шешім. 18 маусымда Жобалық кеңседе өткен талқылау қорытындысы бойынша ҚҚС-ты түзету нормаларын алып тастап, 2025 жылы қолданыста болған тәртіпке қайта оралу туралы шешім қабылданды. Бұл ретте трейдерге «Пирамида» тетігін пайдалана отырып, ҚҚС-ты 100% өтеу көзделеді. Ал «Пирамида» ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші деңгейінде тоқтатылады.
ҰКП-ның тауарларды таңбалауға арналған жабдықтарға жұмсалатын шығыстар бойынша ұсынысы да қолдау тапты. Кәсіпкерлерге таңбалау құралдарын түсіруге және сканерлеуге арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығыстарды 150% мөлшерінде шегерімге жатқызу мүмкіндігі беріледі.
Үшінші тұлғаларға көрсетілген қызметтер туралы мәліметтерді қамтитын 493.00 нысаны бойынша да жұмыс ілгеріледі. Жобалық кеңседе ҰКП-ның мына ұсыныстары қолдау тапты:
мәліметтерді есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-күніне дейін ұсыну мерзімін сол айдың соңғы күніне ауыстыру;
автомобиль және теміржол көлігімен жүк тасымалдау қызметтері туралы мәлімет беруге міндетті тұлғалар шеңберін нақтылау;
МКК ақпараттық жүйелерінде бұрыннан бар мәліметтерді ескере отырып, ұсынылатын ақпарат көлемін қысқарту.
Сонымен қатар, Қаржы министрлігі сумен жабдықтау, су бұру, кәріз жүйесі, жылумен жабдықтау, қалдықтарды шығару және лифттерге қызмет көрсету бойынша мәліметтер ұсыну міндетін алып тастауға келісті. Себебі бұл ақпаратты басқа дереккөздерден алуға болады.

ШОБ-қа түсетін жүктемені азайту – басым бағыттардың бірі
«Атамекен» ҰКП салықтық есептілікті жеңілдетуге және шағын және орта бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға ерекше көңіл бөледі.
2026 жылдан бастап оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер 910.00 нысанымен қатар тоқсан сайын 200.00 нысанын тапсыруға міндеттелген еді. ҰКП есептіліктің неғұрлым қарапайым моделіне оралып, бизнеске түсетін жүктемені азайтуды ұсынды. Талқылау қорытындысы бойынша ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіне ШОБ үшін еңбек ақы төлеу қорына байланысты салықтар мен төлемдерді төлеу рәсімін жеңілдету мәселесін пысықтау тапсырылды. Оның ішінде салық төлеушінің жеке кабинетінде еңбек ақы төлеу қоры бойынша міндеттемелерді автоматты түрде есептейтін сервис құру және ШОБ субъектілері үшін 200.00 нысанын жою ұсынылды. Бұл ретте еңбек ақы төлеу қорына түсетін жүктемені тікелей азайту мәселесі әзірге мемлекетпен одан әрі талқылауды қажет етеді.

Бірқатар маңызды мәселе ҰКП бақылауында қалады
Дегенмен, барлық мәселе бойынша түпкілікті шешімге қол жеткізіле қойған жоқ. Атап айтқанда, ҰКП оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулыы салық режимін қолданатын субъектілермен B2B мәмілелері бойынша шығыстарға шегерімдерді сақтау мәселесі бойынша жұмысты жалғастыруда. Балама шешім ретінде Палата B2B мәмілелері бойынша шығыстарға шегерімдерді сақтап, 8% мөлшеріндегі жоғарылатылған мөлшерлемені белгілеуді, ал B2C мәмілелері үшін 4% мөлшерлемесін сақтауды ұсынады. Жобалық кеңсе төрағасы Серік Жұманғариннің тапсырмасы бойынша бұл норманың бизнеске әсері талданып жатыр. Мәселе күзде қайта қаралады және ҰКП бақылауында болмақ.
Тағы бір маңызды бағыт – медицина саласына салық салу. Қазір ҚҚС-тың әртүрлі мөлшерлемелерінің (16%, 5% және салықтан босату режимінің) қатар қолданылуына байланысты бизнес қосымша әкімшілік қиындықтарға тап болып отыр. ҰКП медицина саласы үшін ҚҚС-тың бірыңғай 5% мөлшерлемесін белгілеуді және оны әрі қарай арттырмауды ұсынады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, денсаулық сақтау саласында ҚҚС-ты арттыру МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіреді: 5% мөлшерлеме кезінде мұндай тәуекелдер 2030 жылдан бастап, ал 10% мөлшерлеме кезінде 2029 жылдан бастап туындауы мүмкін. Осыған байланысты ҰКП медицина саласы үшін ҚҚС бойынша салықтық жеңілдіктерді қайтаруды талап етеді. Бұл мәселе Жобалық кеңсеге қайта енгізіледі.
Палатаның бақылауында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелеріндегі техникалық ақаулар мәселесі де бар. ҰКП салық төлеуші СӘИЖ немесе ЭШФ АЖ техникалық ақауларына байланысты өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда айыппұл санкциялары мен өсімпұлдарды қолданбау мәселесін көтерді. Қаржы министрлігінің ресми ұстанымын алу қажеттілігіне байланысты бұл мәселе Жобалық кеңесте қайта қаралады.

Талқылаудан – нақты өзгерістерге
Жобалық кеңес алаңында қолдау тапқан мәселелер бойынша мемлекеттік органдар тиісті түсіндірмелер мен нормативтік өзгерістер әзірлеуде. Егер мәселені шешу үшін Салық кодексіне немесе заңға қарасты нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізу қажет болса, тиісті түзетулер әзірленбек.
Қазір «Атамекен» ҰКП сарапшылары Салық кодексі мен заңға тәуелді актілерге енгізілетін түзетулер бойынша жұмысты жалғастыруда. Ұсыныстардың бір бөлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен келісіліп, заң жобасына енгізу үшін Ұлттық экономика министрлігіне жолданды.
Осылайша, «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің ұсынысын мәселені анықтау мен бизнес ұстанымын қалыптастырудан бастап, мемлекеттік органдармен шешімдерді талқылауға және нақты заңнамалық түзетулерді әзірлеуге дейін жүйелі түрде сүйемелдеуді жалғастыруда.
Astana Tax Forum-ның кейінгі сессияларында қатысушылар Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың сот практикасын, инвестициялық соттылық мәселелерін, меншік иелері мен бухгалтерлер үшін қылмыстық-құқықтық тәуекелдерді, сондай-ақ трансферттік баға белгілеудің өзекті үрдістерін талқылады.