«Атамекен» мен Еуразиялық бизнес клуб Қазақстан мен Қырғызстан бизнесі үшін жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін айқындады
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың Қырғыз Республикасы кәсіпкерлер қауымдастығы – «Еуразиялық бизнес клуб» (ЕБК) өкілдерімен кездесуі өтті.
Кездесу Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлері арасындағы тікелей іскерлік байланысты нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға арналды. Тараптар болашағы зор бағыттарды, ықтимал бірлескен жобаларды және екі елдің бизнес өкілдері арасындағы іскерлік байланысты дамытудың тиімді тетіктерін қарастырды.
Жиынға Еуразиялық бизнес клуб делегациясы құрамындағы ақпараттық технологиялар, құрылыс, логистика және халықаралық тасымал, агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі және мейрамхана бизнесі салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен компания басшылары қатысты.

Кездесу барысында B2B форматындағы тікелей іскерлік байланысты дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, компаниялар арасында тікелей байланыс орнату, әлеуетті серіктестерді іздеу және бірлескен бизнес-жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары қатарында логистика және тасымал, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін жеткізу, өндірістік кооперация, цифрлық шешімдер, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері атап өтілді.
«Атамекен» ҰКП үшін кәсіпкерлік бірлестіктер арасындағы диалогты қалыптастырумен қатар, компаниялар арасында нақты іскерлік байланыстар орнатуға жағдай жасау маңызды. Мұндай кездесулер бизнес өкілдерінің өзекті мәселелері мен мүдделерін тікелей анықтап, оларды нақты ынтымақтастыққа айналдыруға мүмкіндік береді», – деді Тимур Жаркенов.

Еуразиялық бизнес клуб – 2019 жылы құрылған Қырғыз Республикасы кәсіпкерлерінің қауымдастығы. Ұйым экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлерді біріктіріп, іскерлік ынтымақтастықты дамытуға арналған тиімді алаң ретінде жұмыс істейді. ЕБК қызметі аясында B2B кездесулер, бизнес-миссиялар, білім беру және салалық іс-шаралар ұйымдастырылып, кәсіпкерлер үшін жаңа іскерлік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған жобалар жүзеге асырылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастырып, ынтымақтастықтың нақты бағыттарын одан әрі пысықтауға мүдделі екенін білдірді. Сәйкесінше, «Атамекен» ҰКП өз құзыреті шеңберінде Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланысты дамытуға, оның ішінде бейінді бөлімшелермен өзара іс-қимыл жасауға және бизнес өкілдері арасында тікелей байланыс орнатуға жәрдем көрсетуге дайын.
Кездесу екі елдің іскерлік қоғамдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтып, өзара тиімді әріптестік үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.