Азаматтарға – көбірек мүмкіндік, бизнеске – аз жүктеме: салық саласындағы негізгі өзгерістер
«Атамекен» ҰКП-да жаңа Салық кодексінің жекелеген ережелерін түсіндіру бойынша кеңес өтті. Кеңеске «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов төрағалық етті.
Бизнес, «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі – корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді төлеу шегінің 325 мыңнан 600 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылуы. Бұл шара аванстық төлемдерді төлеуге міндетті салық төлеушілердің санын қысқартуға және тиісінше бизнеске түсетін қаржылық әрі әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.
Бұл шешім кәсіпкерлік қоғамдастық, «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалог нәтижесінде қабылданды. Жұмыс барысында бизнестен келіп түскен ұсыныстар мен кәсіпкерлер көтерген практикалық мәселелер ескерілді.
Кездесуде жаңа салық нормаларын қолданудың практикалық мәселелеріне, сондай-ақ әкімшілік жүктемені азайтуға және салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге бағытталған өзгерістер туралы кәсіпкерлерді ақпараттандыруға баса назар аударылды.
Бизнес пен азаматтарға арналған негізгі өзгерістер
Түсіндіру жұмысының маңызды бағыттарының бірі – жеке табыс салығы бойынша базалық салықтық шегерімнің айына 14 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін, яғни 129,8 мың теңгеге дейін ұлғайтылуы.
Бұл ретте бұрын қолданыста болған бірнеше шегерім түрі бірыңғай базалық салықтық шегерімге біріктірілді. Мұндай тәсіл жеке тұлғалар үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге және көптеген растайтын құжаттарды жинау мен сақтау қажеттілігін азайтуға бағытталған.
Өзгерістер әлеуметтік салыққа да қатысты. Жаңа Салық кодексімен әлеуметтік салық пен әлеуметтік аударымдар арасындағы өзара байланыс алынып тасталып, әлеуметтік салықтың 6% мөлшеріндегі бірыңғай мөлшерлемесі белгіленді.
Бұл ретте салық төлеушілердің жекелеген санаттарына қолдау көрсету шаралары көзделген. Атап айтқанда, арнайы салық режимдерін қолданатын салық төлеушілер, оның ішінде оңайлатылған декларация негізіндегі режим шеңберінде жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ фермерлер мен шаруа қожалықтары әлеуметтік салық төлеуден босатылады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін есептелген әлеуметтік салық сомасын 70%-ға азайту тетігінің орнына 1,8% мөлшерінде төмендетілген тіркелген мөлшерлеме белгіленді. Жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимін қолданатын фермерлер мен шаруа қожалықтары үшін әлеуметтік салықтың тіркелген мөлшері өздері үшін – 0,6 АЕК, ал жұмыскерлер үшін 0,3 АЕК болып белгіленді.
Нормаларды түсіндіру жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары «Атамекен» ҰКП-ның Мемлекеттік кірістер комитетімен, Қаржы министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілуде.
Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері 2 баспасөз конференциясы өткізіліп, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары үшін 213 сұхбат ұйымдастырылды, 298 баспасөз релизі жарияланды, 34 тікелей эфир өткізілді, нұсқаулықтар, бейнетүсіндірмелер және тақырыптық жарияланымдарды қоса алғанда, 729 ақпараттық материал орналастырылды. Әлеуметтік желілерде пайдаланушылардың 975-тен астам сұрағына жедел жауап берілді.
Өз кезегінде, ҰКП-ның бекітілген Медиа-жоспары аясында жыл басынан бері 222 жарияланым, оның ішінде БАҚ-та 149 материал және әлеуметтік желілерде 73 материал орналастырылды.
Кәсіпкерлерге практикалық көмек көрсетуге ҚР ҚМ-ның «Халық бухгалтері» акциясы да ықпал етті. 2026 жылғы 5 қаңтардан 30 маусымға дейін бухгалтерлердің кәсіби ұйымдарымен бірлесіп 60 мыңнан астам салық төлеуші тегін консультация алды.
«Атамекен» ҰКП-да атап өткендей, түсіндіру жұмыстары заңнамадағы өзгерістер туралы ақпарат берумен ғана шектелмейді. Негізгі назар бизнес өкілдерімен кері байланыс орнатуға, практикалық мәселелерді анықтауға және оларды мемлекеттік органдармен жедел пысықтауға аударылады.
Жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру, кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинау және оны қолданудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру жұмыстары тұрақты негізде жалғаса бермек.