«Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Энергетика комитеті саланы кадрлық қамтамасыз ету және ЖЭК-ті дамыту мәселелерін талқылады
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Палата Төралқасы жанындағы Энергетика комитетінің отырысы өтті. Жиында энергетика саласын дамытудың екі жүйелі мәселесі – кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК), бөлінген генерацияны және энергия сақтау жүйелерін дамыту мәселелері қаралды.
Отырысқа ҚР Энергетика министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «КОРЭМ» АҚ өкілдері, еліміздің техникалық жоғары оқу орындарының, салалық қауымдастықтардың, энергетикалық компаниялар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Жиынның бірінші бөлімі кадрлар және салалық ғылым мәселелеріне арналды. Қатысушылар энергетикалық нысандардың жаппай құрылысы мен жаңғыртылуы, атом энергетикасын, ЖЭК-ті, цифрландыру мен автоматтандыруды дамыту мамандар даярлауда жаңа тәсілдерді талап ететінін атап өтті.

Нарық өкілдері «Атамекен» ҰКП ұсынған кадрлар мен құзыреттерге ұзақ мерзімді салалық болжам қалыптастыру тәсіліне қолдау білдірді. Мәселе қажетті мамандардың санында ғана емес, алдағы 5, 10 және 15 жылда нақты қандай технологиялар, жабдық түрлері мен өңірлер бойынша қажетті құзыреттерге сұраныс болатынын айқындауда жатыр.
Университеттерге энергетикалық кәсіпорындар тарапынан тікелей салалық тапсырыс беру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Компаниялар білім беру бағдарламаларын қалыптастыруға белсендірек қатысып, нақты өндірістік міндеттер ұсынуы, практика базаларымен қамтамасыз етуі және болашақ инженерлерді даярлау үдерісіне өз мамандарын тартуы қажет.
Тағы бір маңызды бағыт – қолданбалы салалық ғылымды дамыту. Жаңа ірі ғылыми құрылымдар құрудың орнына техникалық жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындар нақты өндірістік міндеттер төңірегінде бірігетін консорциумдық модель ұсынылды. Мұндай жұмыстың нәтижесі нақты энергетикалық нысанда сынақтан өткен әрі бүкіл салада қолдануға болатын дайын шешім болуға тиіс.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар тәжірибелі инженерлер мен өндіріс мамандарын білім беру үдерісіне жүйелі түрде тартудың маңыздылығын қолдай отырып, осы арқылы салада жинақталған инженерлік тәжірибені мамандардың келесі буынына жеткізуге мүмкіндік туатынын атап өтті.
Отырыста қаралған екінші мәселе – ЖЭК-ті, бөлінген генерацияны және энергия сақтау жүйелерін дамыту.
Қатысушылар жаңа нысандарды энергетикалық жүйеге интеграциялау, теңгерімдеу және коммерциялық реттеу, энергия сақтау жүйелерін дамыту, тікелей шарттар жасасу, жабдық өндірісін оқшаулау, сондай-ақ бүгінде бөлінген генерацияны кең ауқымда дамытуға кедергі келтіріп отырған реттеуші тосқауылдарды талқылады.
Отырыс барысында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы ЖЭК-тің белгіленген қуаты шамамен 3,5 ГВт болып отыр. Қазір 162 нысан жұмыс істейді, ал электр энергиясын өндірудегі ЖЭК үлесі шамамен 7%-ға жеткен.
Аукциондық тетікті одан әрі жетілдіруге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бағадан бөлек критерийлерді қолдану мүмкіндігі, энергия сақтау жүйелерімен біріктірілген гибридті ЖЭК жобаларын дамыту, аукциондардың ұзақ мерзімді кестесін қалыптастыру және тұтынушылармен тікелей шарттар жасасу тәжірибесін кеңейту мәселелері қаралды.

Талқылау қорытындысы бойынша Комитет Энергетика министрлігіне 5-7 жылға арналған аукциондардың ұзақ мерзімді индикативтік картасын қалыптастыру мүмкіндігін, ЖЭК пен энергия сақтау жүйелеріне арналған жабдық өндірісін оқшаулауды қолдау шараларын, сондай-ақ энергия сақтау жүйелерінің реттеу және резервтер ұсыну қызметтеріне ақы төлеу тетігін пысықтауды ұсынды.
Сонымен қатар, ЖЭК нысандарын орналастыру үшін оңтайлы алаңдарды таңдауда және генерация көлемін болжаудың дәлдігін арттыруда жасанды интеллектіні қолдану мәселесі көтерілді. Бұл теңгерімсіздік көлемін және энергетикалық жүйеге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
ШОБ субъектілері мен әлеуметтік нысандар үшін пилоттық энергосервистік жобаларды іске қосу мүмкіндігі де қарастырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП мемлекеттік органдармен, техникалық жоғары оқу орындарымен, энергетикалық компаниялармен және салалық қауымдастықтармен аталған екі бағыт бойынша нақты шешімдер әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастырады.