«Атамекен» ҰКП мен «Қазақтелеком» АҚ қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін талқылады
25 тамызда «Атамекен» ҰКП мен «Қазақтелеком» АҚ өкілдерінің қатысуымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға компанияның қазіргі және әлеуетті жеткізушілері де қатысты. Жиында қазақстандық өндірушілердің сатып алуларға қатысу аясын кеңейту және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Компанияның мәліметінше, отандық өнімді сатып алу көлемі жүйелі түрде артып келеді. 2026 жылғы тамыз айына қарай оның үлесі өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 7,75%-ға өсті. Қолдаудың тағы бір құралы офтейк-келісімшарттар болды. 2025 жылы компания ҚҚС есептелмегенде жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеден асатын 19 келісімшартқа қол қойды.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы келесі маңызды қадам ретінде қазақстандық кәсіпорындарды тек сатып алуға тікелей қолжетімділікпен ғана емес, сонымен қатар болжамдылығы неғұрлым жоғары сұраныспен де қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
Өндірушілер үшін тапсырыс берушілерге өнімнің қандай көлемде қажет болатынын алдын ала білу маңызды. «Атамекен» ҰКП Реттелетін сатып алулар департаменті директорының орынбасары Саят Тұржановтың айтуынша, бұл кәсіпорындарға өндірістік жүктемесін жоспарлауға, шикізат сатып алуға, өндірісті дамыту мақсатында қаржыландыру мен инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

««Атамекен» ҰКП шешімдерінің бірі ретінде шоғырландырылған сатып алу тетігін қарастыруды, сондай-ақ бір портфельдік компания құрамындағы бірнеше еншілес ұйымның қажеттіліктерін алдын ала біріктіруді ұсынып отыр. Мұндай тәсіл бизнеске жиынтық сұранысты алдын ала бағалап, өндіріс көлемін тапсырыс берушілердің нақты қажеттіліктеріне қарай жоспарлауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Саят Тұржанов.
Ұлттық палата «Қазақтелеком» АҚ және бизнеспен бірлескен жұмысты жалғастырып, мемлекеттік қолдау шараларын қазақстандық өндірушілер үшін нақты әрі болжамды тапсырыстарға айналдыруға мүмкіндік беретін практикалық тетіктерді дамытуға баса назар аударады.