Қобдада бизнесті дамытуға мүмкіндік бар, енді нақты қолдау қажет

27.08.2026
Қобдада бизнесті дамытуға мүмкіндік бар, енді нақты қолдау қажет

Жер игеріп, өндіріс ашып, мал шаруашылығын дамытып жатқан кәсіпкерлер Қобда ауданындағы бизнестің әлеуетін көрсетіп отыр. Кәсіпкерлердің өсуге деген ниеті бар, инвестиция салуға да дайын. Ендігі мәселе - өнім өткізу, су мен электр энергиясының құны, қаржыландыру, кадр және сервистік қызмет көрсету сияқты түйінді мәселелерді шешіп, бизнеске қажетті жағдай жасау. Осы мәселелерді жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов зерделеді. 

Палата өкілдері бірнеше ауылдық округтегі көкөніс өсіру, мал шаруашылығы, жемшөп дайындау, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарға, сондай-ақ аудан орталығындағы шағын бизнес нысандарына барды.

Солардың бірі - Бұлақ ауылдық округіндегі «Д-Даулет» шаруа қожалығы. Шаруашылық 2018 жылдан бері көкөніс өсірумен айналысады. Бүгінде жалға алынған 15 гектарға жуық жерді игеріп отыр. Оның төрт гектарына сәбіз, тағы төрт гектарына қырыққабат егілген. Бұл дақылдар жергілікті климатқа жақсы бейімделген, күзгі үсікке төзімді және өнім жинау науқанын қараша айына дейін жалғастыруға мүмкіндік береді.

Алайда өндірісті одан әрі ұлғайтуға жұмыс күші тапшылығы, су тарифтеріне қатысты белгісіздік, егістік алқаптарды малдан қорғауға арналған қоршаулардың қымбаттығы және өнімді өткізу мәселесі кедергі келтіріп отыр. Шаруашылық басшысы Аслан Төлеубаевтың айтуынша, бір сауда желісімен жасалған келісім жеткіліксіз. Өнім жаппай жиналатын кезеңде оның көлемі бір сатып алушының мүмкіндігінен асып түседі. Ірі қоймалар мен логистикалық орталықтарға шығу кезінде де қосымша қиындықтар бар. Оңтүстік өңірлермен бәсекелестік те көтерме бағаларға әсер етеді. Кадр мәселесі де өзекті. 

Изображение

«Бұлақ Beef» ЖШС де айтарлықтай өндірістік әлеуетке ие. Сегіз жыл ішінде мұнда әулиекөл, қазақтың ақбас және герефорд тұқымдарынан 1200 бас асыл тұқымды ірі қарадан тұратын табын қалыптастырылған. Сонымен қатар кәсіпорын 150 гектарға жуық суармалы жерді игеріп, онда судан шөбі мен жоңышқа өсіреді. Шаруашылықта 12 маман жұмыс істейді.

Алайда қымбат ауыл шаруашылығы техникасына қажетті сервистік қызмет көрсету мәселесі туындаған. Несиеге сатып алынған ұзындығы 480 метрлік импорттық жаңбырлатып суару қондырғысы бірнеше жыл үздіксіз жұмыс істегеннен кейін техникалық реттеуді қажет еткен. Бірақ өңірден тиісті мамандар табылмаған. Нәтижесінде техника пайдаланылмайды, несие төленіп жатыр, ал шаруашылық жоңышқаның екінші орымынан және малға қажетті жемшөп қорының бір бөлігінен айырылып қалу қаупінде.

Суару үшін электр энергиясына жұмсалатын шығынның өсуі және ұңғымалар мен сорғыларға есептеу құралдарын орнату талабы да кәсіпорынға қосымша салмақ түсіруде.

Палата мамандарының айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасына сервистік қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен суару тарифтерінің негізді болуы бір ғана кәсіпорын үшін емес, жалпы суармалы егіншіліктің тиімділігі мен мал шаруашылығын дамыту үшін маңызды. 

Изображение

Кәсіпкерлік бастаманың тағы бір мысалы - Жарсай ауылдық округіндегі «Адал-Береке» шаруа қожалығы. Биыл шаруашылық 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмаған 70 гектар жерді игеруге кірісті. Мұнда Гала, Коломба және Крона сияқты элиталық картоп сорттары өсіріледі.

Көтерме сауда және көкөніс өсіру саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіпкер Мирбулат Абишевтің жоспары ауқымды: егіс алқаптарын кеңейту, көкөніс және бақша дақылдарын өсіру, заманауи көкөніс қоймасын салу, тоған шаруашылығын дамыту және «Жайлау» бағдарламасы арқылы 200 басқа дейін ірі қара сатып алу. Кәсіпкер өз қаражатын салуға дайын. Алайда негізгі шектеулердің бірі - жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігі. Оның айтуынша, қазіргі несие көлемі бір гектарға қажетті шығындарды, соның ішінде дизель отынын, тұқым, тыңайтқыш, еңбекақы және суаруға жұмсалатын электр энергиясын толық жабуға жеткіліксіз. 

Изображение

Жұмыс сапары барысында Палата өкілдері Билтабанов ауылдық округіндегі «Мади» шаруа қожалығына барып, жемшөп дайындау жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ Терісаққан ауылдық округіндегі «Қобда-Жер» ЖШС егістік алқабы мен техникалық жағдайын көрді. 

Аудан орталығында жиһаз өндірісімен және пенополистирол кірпіштерін шығарумен айналысатын «Жұмағазиев С.А.» ЖК жұмысымен танысты. Жиһаз цехы 2024 жылдан бері ресми жұмыс істейді. Қысқа мерзімде тұрақты клиенттік база қалыптасқан. Тапсырыстар Қобда ауданынан ғана емес, Ақтөбе, Ақтау және Орал қалаларынан да түседі. Өндірісте үш адам жұмыс істейді, тапсырыстардың негізгі бөлігі тұрғындардан келеді.

Изображение

Кәсіпкер жаңа бағыт - пенополистирол кірпіштерін өндіруді де іске қосқан. Өндірісті кеңейту үшін қаржы, жеке жылы өндірістік ғимарат, жабдықтарды жаңғырту және айналым қаражаты қажет. Бұл өндіріс көлемін арттырып, ассортиментті кеңейтуге, жыл бойы жұмыс істеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. 

«Қобда ауданына жұмыс сапары жергілікті бизнестің дамуға және өндірісті кеңейтуге дайын екенін көрсетті. Кәсіпкерлер жаңа жерлерді игеріп, мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікті дамытып, жаңа өндірістерді іске қосып, өз қаражатын салуға дайын. Сонымен қатар өнімді өткізу, электр энергиясының тарифтері, ауыл шаруашылығы техникасына сервистік қызмет көрсету, кадр, жеңілдетілген қаржыландыру және өндірістік инфрақұрылым мәселелерін шешуге қолдау қажет. Палата бұл мәселелерді тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдармен бірлесіп пысықтайды», - деді ӨКП директоры Дидар Боранқұлов. 

Айта кету керек, нысандарды аралау барысында аудан әкімдігінің өкілдері де қатысып, бірқатар мәселелер бойынша нақты шешімдер талқыланды.

Палатаның міндеті - кәсіпкерлердің өтініштерін жай ғана тіркеу емес, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірісін кеңейтуіне, жаңа жұмыс орындарын құруына және шағын және орта бизнестің Қобда ауданы экономикасына қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік беретін нақты шешімдер табу.

ИзображениеИзображениеИзображение