Мемлекеттік қолдау артық кедергісіз. Алматыда бизнес пен даму институттары қаржыландырудың қолжетімділігін талқылады

28.08.2026
Мемлекеттік қолдау артық кедергісіз. Алматыда бизнес пен даму институттары қаржыландырудың қолжетімділігін талқылады

Алматы Кәсіпкерлер палатасында қолданыстағы қолдау шаралары бизнестің нақты сұраныстарына қаншалықты сай келетіні талқыланды

Алматыда «Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау: тетіктердің қолжетімділігі, ашықтығы және тиімділігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бір алаңда кәсіпкерлер, даму институттарының, банк секторының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар бас қосып, бизнесті мемлекеттік қолдаудың практикалық қырларын — қаржыландырудың қолжетімділігінен бастап, қолдау алғаннан кейін кәсіпкерлерді сүйемелдеуге дейінгі мәселелерді талқылады.

Кездесу Алматы қаласының Азаматтық орталығы қызметі аясында өтіп, «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қоры мен «Әділет» партиясының Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен, Алматы қаласының «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен өткізілді. Дөңгелек үстелге партияның Алматы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы, «Ақпараттық-ресурстық орталық» ҚҚ директоры Алтынай Көбеева модераторлық етті.

Талқылаудың негізгі тақырыбы кәсіпкерлердің қолданыстағы бағдарламалар туралы ақпарат алу кезеңінде емес, оларды іс жүзінде пайдалануға әрекет жасаған кезде кездесетін мәселелер болды. Қолдау алу шарттары қаншалықты түсінікті? Бизнеске қандай талаптар қойылады? Өтінімдерді қарау рәсімдері қаншалықты ашық және қаржы құралдары қаншалықты қолжетімді? Кәсіпкер барлық қажетті кезеңдерден өтіп, қолдау алғаннан кейін не болады?

Бизнестің практикалық тәжірибесі талқылаудың маңызды бөлігіне айналды. Қатысушылар қолданыстағы мемлекеттік қолдау құралдары мен кәсіпкерлердің нақты қажеттіліктері арасындағы алшақтықты азайту, қаржыландыру тетіктерін барынша түсінікті ету, сондай-ақ бизнестің даму институттарымен және қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылын жүйелі әрі ашық жолға қою қажеттігін атап өтті.

Талқылауға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Алматы қаласы бойынша өңірлік филиалының өкілдері — филиал директорының орынбасары Еркебұлан Молдамырза және бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджер Ыбрай Мендібаев қатысты.

Пікірталасқа сондай-ақ банк секторының, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлік қоғамдастықтың, Алматы қаласы мәслихатының, салалық және кәсіби бірлестіктердің өкілдері қосылды. Қатысушылардың осындай кең құрамы мемлекеттік қолдау мәселесін әр қырынан — оны ұсынатын институттардың ұстанымы тұрғысынан да, күнделікті талаптармен, рәсімдермен және қолданыстағы тетіктерді іс жүзінде қолдану ерекшеліктерімен бетпе-бет келетін бизнестің көзімен де қарастыруға мүмкіндік берді.

Алматы үшін бұл мәселе айрықша өзекті. Еліміздің ірі іскерлік орталығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің едәуір бөлігі шоғырланған. Сондықтан қаржы ресурстарының қолжетімділігі компаниялардың ауқымын кеңейтуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуына, жаңа жобаларды іске қосуына және дамуға инвестиция салуына тікелей әсер етеді.

Кәсіпкерлер палатасының ұстанымы өзгеріссіз әрі жүйелі. Мемлекеттік қолдау шаралары бағдарламаларда жай ғана қарастырылып қоймай, бизнес үшін нақты жұмыс істеуі тиіс. Кәсіпкер оларды алу шарттарын анық түсініп, толық ақпаратқа қол жеткізіп, қажетті рәсімдерден негізсіз әкімшілік кедергілерсіз өтуі маңызды.

Бизнес, даму институттары, қаржы секторы мен қоғамдық ұйымдар арасындағы ашық диалог қолданыстағы тетіктердің қай тұсын жетілдіру қажет екенін анықтауға және теорияға емес, кәсіпкерлердің нақты тәжірибесіне негізделген ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай кері байланыс форматы мемлекеттік қолдауды барынша атаулы, түсінікті әрі тиімді етуге, демек, оның кәсіпкерлікті дамытуға нақты қызмет етуіне ықпал етеді.