Қазақстандық өндірушілерге тапсырысты көбейту: «Атамекен» ҰКП мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өзекті мәселелерді белгіледі

28.08.2026
Қазақстандық өндірушілерге тапсырысты көбейту:  «Атамекен» ҰКП мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өзекті мәселелерді белгіледі

Астанада квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында отандық өнімнің үлесін арттыруға және импортты алмастыруды дамытуға мүдделі мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, Қазақстан машина жасаушыларының одағы, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаудың қолданыстағы шаралары, сондай-ақ оларды реттелетін сатып алуларда іс жүзінде қолдану барысында туындайтын өзекті мәселелер талқыланды.

Кездесудің нақты нәтижесі ретінде жаңа өндірістер құруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның «Азия Строй Сервис Групп» ЖШС және «Kazakhstan Hydrogen Peroxid» ЖШС-мен шығын өлшегіштер мен сутегі асқын тотығын жеткізу бойынша оффтейк-келісімшарттарға қол қоюы болды. Оффтейк-келісімшарттардың жалпы сомасы 1,3 млрд теңгені құрады. Бұған дейін аталған өнім шетелден импортталатын. Енді импортты алмастыру бағдарламасын іске асырудың арқасында сутегіге арналған резервтік бактар Қазақстанда өндірілетін болады.

Изображение

Кездесу аясында қол жеткізілген нақты нәтижелермен қатар, «Атамекен» ҰКП қолдау шараларын әзірлеумен ғана шектелмей, олардың іс жүзінде іске асырылуына баса назар аудару қажет екенін атап өтті. Әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарын сатып алу кезінде қойылатын талаптардың орындалуына ерекше көңіл бөлінді. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мердігер жобалау-сметалық құжаттамада көзделген тауарларды қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алуға міндетті. Бұл талапты бұзған жағдайда сатып алу шартының жалпы құнының 20%-ы мөлшерінде айыппұл көзделген. Бірақ іс жүзінде бұл тетік әрдайым күтілетін нәтижені қамтамасыз ете бермейді.

«Қолдау тетігі нормативтік тұрғыдан бекітілген. Алайда қазір оның іс жүзінде қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін бағалау маңызды. Бұл мәселені бизнес, оның ішінде Қазақстан машина жасаушыларының одағы да белсенді көтеріп отыр. Біз бұл мәселені одан әрі пысықтап, кәсіпкерлермен бірлесіп, қолданыстағы тетікті жетілдіру және құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау барысында қазақстандық өндірушілердің өнімдерін сатып алу процесіне мониторингті күшейту бойынша ұсыныстар әзірлеуді жоспарлап отырмыз», – деді өз сөзінде «Атамекен» ҰКП Сатып алуды реттеу департаменті директорының орынбасары Саят Тұржанов.


Изображение


Нәтижесінде, сатып алу жүйесі отандық өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік беретін нақты құралға айналып, бұрын импортталған өнімді Қазақстанда өндірілетін тауарлармен алмастыруға жол ашады. Өз кезегінде Палата аталған мәселелер бойынша бизнес-қоғамдастықпен жұмысты жалғастырып, «Самұрық-Қазына» қорына нақты ұсыныстар әзірлейтін болады.