«Атамекен» ҰКП «ҚазМұнайГаз» компаниясының отандық өндірушілерді қолдауды күшейтуге арналған бастамаларын құптайды

28.08.2026
«Атамекен» ҰКП «ҚазМұнайГаз» компаниясының отандық өндірушілерді қолдауды күшейтуге арналған бастамаларын құптайды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұйымдастырған, қазақстандық өндірісті дамытуға, отандық компаниялардың сатып алуларға қатысу үлесін арттыруға және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның стратегиялық бастамалары аясында импортты алмастыруды дамытуға бағытталған B2B-сессиясына қатысты. Іс-шараға, сондай-ақ, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ, «KazService» ЗТБ, «PetroCouncil» ЗТБ өкілдері және 150-ден астам қазақстандық тауар өндіруші қатысты.

Изображение

Оффтейк-келісімшарт қазақстандық өндірушілерді қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі болып қала береді. 2026 жылдың соңына дейін «ҚазМұнайГаз» АҚ жалпы құны 17 млрд теңгеден асатын осындай 50-ден астам келісімшарт жасасуды жоспарлауда. Импортты алмастыруға жататын тауарлар тізіміне 2,5 мың өнім түрі енгізілген. Ал 2026-2030 жылдар аралығында осы тауарларға деген қажеттілік 230 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП қазақстандық өндірушілер үшін кедергілердің едәуір бөлігі жобаларды әзірлеу және техникалық талаптарды қалыптастыру кезеңінде-ақ туындайтынына назар аударды. Техникалық ерекшеліктерді әзірлеу кезінде көбіне шетелдік жабдықтардың сипаттамалары негізге алынады, ал осы кезеңде қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері толық ескеріле бермейді. Соның салдарынан қазақстандық өндіруші сатып алу жүргізіле бастаған кезде ғана процеске қосылады. Бұл уақытта талаптар қалыптасып қойғандықтан, отандық өнімді балама ретінде ұсыну мүмкіндігі айтарлықтай шектеледі.

Изображение

«Қазақстандық өндірушіні қолдау сатып алу туралы хабарландыру жарияланғанға дейін әлдеқайда ерте басталуы тиіс. Егер қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері қажеттілікті қалыптастыру, жобалау және техникалық ерекшеліктерді әзірлеу кезеңдерінде ескерілмесе, конкурс кезеңінде жағдайды өзгерту әлдеқайда қиын. Сондықтан тапсырыс берушілер мен қазақстандық өндірушілер арасындағы байланысты сатып алу процесіне дайындық кезеңінен бастап нығайту маңызды», - деп түсіндірді «Атамекен» ҰКП Сатып алуды реттеу департаменті директорының орынбасары Саят Тұржанов.


Изображение


Бұдан бөлек, Палата сатып алу бағаларын қалыптастыру, жеткізу мерзімдері, «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның еншілес ұйымдарының сатып алуларына қатысу мүмкіндігі, сынақтан сәтті өткен қазақстандық өнімді өндіріске енгізу, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде қазақстандық тауарларды сатып алу талаптарының орындалуына қатысты мәселелерді талқылауға шығарды.

«ҚазМұнайГаз» АҚ қазақстандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған қосымша ынталандыру шараларын көздейтін бірқатар ұсынысты «Самұрық-Қазына» қорына жолдады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған бастамаларды қолдауға дайын екенін білдіріп, ұсынылып отырған өзгерістер бойынша ортақ ұстаным қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлермен тікелей талқылау маңызды екенін атап өтті.