«Атамекен» ҰКП-да Өңірлік кеңес төрағаларымен кездесу өтті

28.08.2026
 «Атамекен» ҰКП-да Өңірлік кеңес төрағаларымен кездесу өтті

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы Кәсіпкерлер палаталарының Өңірлік кеңес төрағаларымен кездесуі өтті.

Жиынға қатысушылар ҰКП өңірлік органдары жұмысының негізгі бағыттарын, оның ішінде Құрылтайдың жаңа құрамымен өзара іс-қимыл орнату, бизнеске арналған цифрлық сервистерді дамыту, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы консультативтік-кеңесші органдар қызметінің қорытындысы, сондай-ақ Салық кодексі жөніндегі Жобалық офис жұмысының алғашқы нәтижелерін талқылады.

Кездесуді аша отырып, Қанат Шарлапаев 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарын сайлаудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы заңнамалық деңгейде бизнес жүргізу жағдайларына тікелей әсер ететін шешімдер қалыптасады.

Изображение

«Біздің алдымызда Құрылтайдың жаңа құрамымен жүйелі байланыс орнатып, бизнестің ортақ ұстанымын тұрақты түрде жеткізіп отыру міндеті тұр. Өңірлік кеңестер бизнестің ұсыныстары мен пікірлерін жеткізуде маңызды рөл атқаруы керек. Сіздерден жалпы сипаттағы өтініштер емес, кәсіпкерлердің өздері ұсынған нақты әрі негізделген ұсыныстарды күтеміз. Әрбір бастамада мәселенің мәні, оның бизнеске әсері және оны шешу жолы нақты көрсетілуге тиіс», – деді Қанат Шарлапаев.

Бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау аясында ҰКП өкілдері 12 өңірде инвесторларға арналған «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жүргізуді түсіндіруге арналған кездесулер өткізгені атап өтілді. Сондай-ақ, ӨКП қызметкерлерін Business GO цифрлық платформасымен жұмыс істеу бойынша оқыту аяқталған.

Өңірлік кеңестер: бірінші жартыжылдықтың қорытындысы

Кездесу барысында Басқарушы директор – Өңірлерді, шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің директоры Ксения Семенчук 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы Өңірлік, Салалық және Аудандық кеңестер қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижелерін таныстырды.

Изображение

«Атамекен» ҰКП-ның консультативтік-кеңесші органдары жүйесіне құрамына 347 салалық және аудандық кеңес кіреді. Жалпы алғанда, олар бүкіл ел бойынша 7 517 кәсіпкер мен сарапшыны біріктіреді.

Биылдың алғашқы алты айында 1 242 отырыс өткен, оның ішінде 709-ы – салалық, 533-і – аудандық кеңестердің отырыстары. Онда бизнестің 2 278 өтініші мен бастамасы қаралған. Бұл ретте Өңірлік кеңестер қараған мәселелердің 66%-дан астамы жергілікті бизнестің нақты проблемалары мен кедергілеріне қатысты болды.

Отырыстар хаттамаларына жүргізілген талдау көрсеткендей, салалық бағыты мен өңіріне қарамастан, Кеңестер негізінен әкімшілік кедергілерді жою, инфрақұрылымды дамыту және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін қарайды.

Салық кодексі: бизнес мәселелерінен нақты шешімдерге дейін

Талқылау барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен құрылған жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық офистің жұмысы туралы баяндады.

Изображение

Жобалық офис мемлекет пен бизнестің тікелей байланыс орнататын тұрақты алаңына айналды. Оның аясында кәсіпкерлердің өтініші мен ұсынысы, жаңа Салық кодексінің нормаларын қолдануға қатысты проблемалық және жүйелі мәселелер қаралады. Мәселелер мемлекеттік органдармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп қосымша пысықталып, кейін келісілген шешімдер әзірленеді.

Бүгінде Жобалық офистің 26 отырысы, оның ішінде бір көшпелі отырысы өткізілді. Онда 100-ден астам мәселе қаралып, олардың басым бөлігі жаңа салық заңнамасын іс жүзінде қолдануға қатысты болды.

Ашық диалог: қаржыландыру мәселелері және аудандардағы жұмысты күшейту

Ашық диалог барысында Өңірлік кеңес төрағалары жергілікті жерлердегі кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін көтерді. Негізгі мәселелердің бірі – қазіргі экономикалық жағдайдағы микро және шағын бизнес үшін қаржыландырудың, субсидиялар мен несиелік ресурстардың қолжетімділігі болды.

Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалдары мен аудандық кеңестерінің жұмысын айтарлықтай күшейту қажеттігін атап өтті. Кәсіпкерлер дәл осы ауылдық аумақтар мен аудандар деңгейінде құқықтық қорғауға, сервистік қолдауға және мемлекеттік бағдарламалар бойынша нақты түсіндіру жұмыстарын қажет ететіні айтылды.

Изображение

Изображение

Барлық көтерілген мәселе мен ұсыныс ҰКП орталық аппаратының жұмысына алынды.

Кездесуді қорытындылай келе, Қанат Шарлапаев өңірлік басшылар алдына төрт негізгі басымдық қойды:

- Құрылтайдың жаңа құрамымен тиімді байланыс орнату. Заңнаманы жетілдіруге қатысты бизнес ұсыныстарын уақытылы қалыптастыру;

- өңірлік, салалық және аудандық кеңестердің жұмыс сапасын арттыру, қабылданған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету және атқарылған жұмыстардың нәтижесін кәсіпкерлерге ашық түрде жеткізу;

- бизнесті қолдаудың нақты тетіктерін енгізуге белсенді қатысу. Сондай-ақ, отандық инвесторларға арналған «бір терезе» жүйесін және Business GO цифрлық экожүйесін іске асыру;

- Салық кодексін қолдану барысы бойынша кәсіпкерлермен тұрақты кері байланыс орнату. Туындаған мәселелерді жедел түрде Ұлттық палатаға жеткізу.

«Өңірлік кеңестер – отырыстарды формалды түрде өткізу үшін құрылған консультативтік органдар емес. Бұл – бизнестің өкілді дауысы, нақты шешімдер әзірленетін алаң және кәсіпкерлерді, Ұлттық палатаны және мемлекеттік органдарды байланыстыратын маңызды буын. Біздің ортақ жұмысымыздың нәтижесі өткізілген жиналыстар мен қабылданған хаттамалардың санымен емес, шешілген мәселелердің санымен және кәсіпкер сезінетін нақты оң өзгерістермен бағаланады», – деп қорытындылады сөзін ҰКП Төралқа Төрағасы.

Изображение