Тұрғын үй және кеншілерді қолдау: Қанат Шарлапаевтың Ұлытау облысына жұмыс сапарының қорытындысы

30.08.2026
Тұрғын үй және кеншілерді қолдау: Қанат Шарлапаевтың Ұлытау облысына жұмыс сапарының қорытындысы

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Кеншілер күніне орай Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Жезқазған және Сәтбаев қалаларында жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысын бастау рәсіміне қатысып, тау-кен өнеркәсібінің үздік қызметкерлерін марапаттады.

Палата Төрағасы Жезқазған және Сәтбаев қалаларында Ұлытау облысының әкімі Есет Байкеновпен және «QazaqStroy», «Qazaq Acquisition Corp» компанияларының басшысы Нұрлан Артықбаевпен бірге болашақ тұрғын үй кешендерінің іргетасына алғашқы бетон құю рәсіміне қатысты.

 

Изображение

 

Жобаны «QazaqStroy» компаниясы жүзеге асырады. Жалпы 300 пәтерге арналған тұрғын үйлерді 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Жезқазған қаласында 240 пәтерге арналған жеті бес қабатты тұрғын үй салынады. Жоба аясында іргелес аумақты кешенді абаттандыру қарастырылған. Ал, Сәтбаев қаласында 60 пәтерлі бес қабатты үй бой көтереді. Мұнда заманауи балалар және спорт алаңдары, автотұрақтар мен демалыс орындары салынады.

 

Изображение

 

«Моноқалаларды дамыту және отандық бизнес үшін қолайлы жағдай жасау – Ұлттық палатаның басты басымдықтарының бірі. Бүгінде «Атамекен» жеке инвесторлар, кәсіпорындар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланысты қамтамасыз ететін көпірге айналды. Жезқазған мен Сәтбаевта тұрғын үй салу – еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін қамтамасыз етіп отырған адамдардың өмір сүру сапасына бағытталған инвестиция», – деді Қанат Шарлапаев.

Мерекелік бағдарлама Сәтбаев қаласындағы Ш. Ділдебаев атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты шарамен жалғасты. Жиынға өңір басшылығы мен «Қазақмыс» корпорациясының өкілдері қатысты.

 

Изображение

 

Изображение

 

Іс-шара барысында Қанат Шарлапаев тау-кен өнеркәсібінің үздік қызметкерлеріне «Атамекен» ҰКП-ның ведомстволық наградалары мен алғыс хаттарын табыстады. Ол еңбек ұжымдарының Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына қосып отырған стратегиялық үлесін атап өтті.

 

Изображение

 

«Атамекен» ҰКП басшысының Ұлытау облысына жұмыс сапары Палатаның өңірлердің нақты мәселелерін шешуге бағытталған жұмысын тағы бір мәрте көрсетті. Оның ішінде моноқалаларға жеке инвестиция тарту, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік қорғауды күшейту және еңбек адамын қолдау мәселелері бар.

 

Изображение

 

Изображение