Түркістанда модульдік үйлер өндірісін жергіліктендіру көзделіп отыр
Түркістан облысында қытайлық технологияларды жергілікті өндіріске енгізуге бағытталған жаңа жоба қолға алынды. Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының ықпалдастығымен қытайлық компания мен отандық кәсіпкер арасында келіссөздер жүргізіліп, тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қытайлық тарап Қазақстанда модульдік және капсулалық үйлер өндірісін дамытуға мүдделі болып, сенімді қазақстандық серіктес іздеген. Осы ретте Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі өндірістік әлеуеті бар «BNK GROUP LTD» ЖШС-мен байланыс орнатып, тараптардың келіссөз жүргізуіне жағдай жасады.
Келіссөздер барысында өндірісті Қазақстанда жергіліктендіру, заманауи технологияларды енгізу, жабдық жеткізу, мамандарды даярлау және өнімді ішкі нарықта өткізу, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне экспорттау мүмкіндіктері талқыланды.
Бұл бағыт BNK Group үшін де таңсық емес. Компания Түркістан облысында бірқатар өндірістік жобаларды жүзеге асырып келеді. Ресми мәліметке сәйкес, Сауран ауданында орналасқан бұл кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникасы мен жаңбырлатып суару жабдықтарын өндірумен айналысады

Сонымен бірге BNK Group-тың өндірістік бағыттарының бірі – капсулалық үйлер жасау. Бұған дейін компания Қытайдың Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd. компаниясымен капсулалық үйлерді жинау және өндіру бойынша ынтымақтастық орнатқан. Келісім аясында мұндай үйлерді Түркістанда шығару жоспарланғаны хабарланған.
Ендігі міндет – технологиялық тәжірибені Қазақстандағы өндірістік базаға бейімдеп, жобаны нақты өндірістік жобаға айналдыру.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев бұл бастаманың өңір үшін маңызын атап өтті.
«Палатаның негізгі міндеттерінің бірі – кәсіпкерлер мен шетелдік серіктестердің арасындағы тиімді байланысты қалыптастыру. Бұл жағдайда қытайлық тараптың технологиялық мүмкіндігі мен отандық кәсіпкердің өндірістік әлеуетін бір жоба аясында тоғыстыруға мүмкіндік туды. Ендігі мақсат – келісілген жоспарларды жүзеге асырып, өндірісті жергіліктендіруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ету», – деді Асылан Ибадуллаев.

Меморандум аясында тараптар Қазақстан аумағында бірлескен өндіріс құру мүмкіндігін қарастырады. Инвестиция көлемі, өндірістік қуат және тараптардың қатысу үлесі кейінгі келісімдер барысында нақтыланады.

Жоба іске асқан жағдайда, бұл Түркістан облысында жаңа өндірістік құзыреттердің қалыптасуына, заманауи технологиялардың енгізілуіне және жергілікті кәсіпкерліктің халықаралық серіктестік аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.